Теннистен Қазақстан құрамасы алғаш рет Дэвис кубогының жартылай финалына шықты

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық жасөспірімдер ширек финалда Азиядағы мықты құрамалардың бірі – Оңтүстік Кореяны ұтты.
Бастапқы ойында Әмір Омарханов Кореяның үздік теннисшісін 6:3, 6:4 есебімен жеңіп, командасын алға шығарды. Екінші бәсекеде Данир Қалдыбеков қарсыласына есе жіберіп, таразы басы теңесті.
Жұптық сында Әмір Омарханов пен Виталий Зацепин шешуші ұпайды қоржынға салды. Жалпы есеп – 2:1.
Ертең қазақстандықтар аймақтық жарыстың финалына шығу үшін Үндістан құрамасымен таласады.
Іріктеу сайыстарында үздік шыққан үш команда әлем чемпионатына жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Германияның бірінші ракеткасы Қазақстанмен матчтың қиынға түсетіні туралы айтқанын, Александр Бубликтің Монте-Карло мастерс турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстан – Германия матчының жеребесі тартылды.