Теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ӘЧ іріктеу турнирінде үшінші орынға таласады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионаты Азия/Тынық мұхит аймағы іріктеу кезеңінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, қазақстандық жасөспірімдер жартылай финалда Оңтүстік Корея командасымен сынға түсті.

Оңтүстіккореялықтар – 2011 және 2015 жылдары әлем чемпионы атанған мықты құрама.

Бірінші кездесуде Дамир Жалғасбай қарсыласын 6:3, 6:2 есебімен жеңді. Алайда осы қарқынды Заңғар Нұрланұлы жалғастыра алмай, 1:6, 0:6 есебімен жеңіліп қалды.

Шешуші жұптық бәсекеде оңтүстіккореялықтар жеңісті жұлып алды – 6:4, 6:2.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ертең іріктеу турнирінің үшінші орны үшін таласады. Қарсылас кейін анықталады.

Қазақстандықтар ертеңгі матчта жеңіске жетсе, 14 жасқа дейінгілер арасында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ӘЧ іріктеу кезеңінің жартылай финалына шыққанын, Юлия Путинцеваның Мадрид турнирінің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар