Юлия Путинцева Мадрид турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 48-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен кездесті.

Бірінші партияда есеп 5:5 болған мезетте Ю.Путинцева тағы бір брейкке қол жеткізіп, сосын осы басымдығын сақтап қалды – 7:5.

Екінші сетті де брейкпен бастағанымен, қарсыласы таразы басын теңестіре білді. Дегенмен есеп 5:5 болғанда, Юлия тағы бір брейк жасап, сосын матч-пойнтын құр жіберген жоқ – 7:5.

Екі сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева эйс жасамағанымен, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 6 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Қазақстандық спортшы үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 16-ракеткасы, тағы бір америкалық Кори Гауфпен таласады. Ол бастапқы кездесуінде словакиялық Анна Шмидловадан айласын асырды – 6:0, 6:2.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина ертең дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған франциялық Осеан Доденмен ойнайды.

Жүлде қоры 6,5 млн еуродан асатын ірі жарыс 7 мамырда мәреге жетеді.

Өткен жылы бұл додада Беларусь өкілі Арина Соболенко жеңімпаз атанған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің «Мен – қазақпын» деп айтқанын, теннисші Андрей Голубевтің Мюнхен турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдер құрамасы ӘЧ іріктеу кезеңінің жартылай финалына шықты.


Соңғы жаңалықтар