Теннистен Парма турнирі Путинцева мен Құламбаева үшін сәтті басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 29-ракеткасы Юлия Путинцева Парма (Италия) челленджер турнирін жеңіспен бастады.

Путинцева
Фото: ҚТФ

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 139-орында тұрған жапониялық Ена Шибахараның меселін қайырды. 

Қазақстандық теннисші 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Шибахара 2 эйс, 1 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді.

Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін рейтингіде 299-сатыдағы германиялық Анна-Лена Фридзаммен таласады.

Тағы бір қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында италиялық Николь Фосса-Уэргомен бірге ширек финалға жолдама алды. 

жібек құламбаева
Фото: ktf.kz

Қазақстандық-италиялық жұп тартысты матчта мажарстандық Анна Бондар – швейцариялық Симона Вальтертті ұтты – 3:6, 6:4, 10:8. Ойын 1 сағат 37 минутқа созылды. 

Ж.Құламбаева ширек финалда Қазақстанның жұптық сындағы 1-ракеткасы Анна Данилинамен кездесуі мүмкін. Ол үшін жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина – италиялық Анжелика Морателли алғашқы бәсекеде бельгиялықтар Янина Викмайер – Кимпберли Циммерманды ұтуы керек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Загребтегі турнирде қарсыласын ұтқанын жазған едік.

Сондай-ақ Александр Шевченко Франциядағы жарыста жергілікті теннисшіні жеңді. 

Соңғы жаңалықтар