Теңселген таразы: құн салығын өсіру қазақстандықтарға қалай әсер етеді

Сонымен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында сарапшылар болжағандай бюджет тапшылығы мәселесін шешу жайы көбірек айтылды. Соның бір тармағы ретінде қосылған құн салығының шекті мәнін төмендетіп, пайызын өсіру жоспары талқыланып жатыр. Көпшілікке салық деген атауы ғана таныс болғанымен, оның қалай есептелетіні, кімдерге салмақ болатыны сәл белгісіз. Осыған орай Kazinform тілшісі қосылған құн салығының мәнін түсіндіруге тырысып, сарапшылармен бірге өзге елдердің тәжірибесіне де көз жүгіртіп көрді.

ҚҚС
Коллаж: Kazinform/ Freepik

Алдымен бұл тақырыпты неге қозғап отырғанымызды айтайық. 2023 жылдан бастап елімізде қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға өсіру туралы бастама көтеріліп, кодекске өзгерістер енгізуге әзірлік жүрді. Ал таяуда Үкіметте 16 пайызға емес, 20 пайызға өсіру жөнінде талқылаулар басталды.

Көп кешікпей Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС бойынша есепке қою үшін шекті мәнді 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. Қазір бұл шекті мән 78 млн теңгеден астам. Ведомство басшысының сөзінше, елдегі 2,3 млн бизнес субъектісінің 137,7 мыңы – тек 6 пайызы ҚҚС төлеушісі болып есептеледі, іс жүзінде төлеп жатқаны 88 мың ғана екен.

Егер жаңағы айтқан шекті мәнді 15 млн теңгеге төмендетсе, елімізде 300 мыңға жуық жаңа салық төлеуші пайда болады. Соның арқасында еңбекақы қорының жүктемесі азайып, бюджет те біршама толығып қалады екен. Әзірге бұл жоспар күйінде, алдағы уақытта сарапшылармен кеңесіп, Парламентте талқыланғаннан кейін ғана қабылдануы мүмкін.

Шекті мән мен құн салығы қалай есептеледі?

Ең алдымен қосылған құн салығы – жанама салық түрі, мемлекеттік бюджеттің бір іргетасы десек жаңылыспаймыз. Мәселен, Қазақстан қазынасына түскен жалпы салық атаулының 24 пайызы – дәл осы ҚҚС.

ҚҚС салық
Фото: pixabay.com/

Сонымен, жұрт айтып жатқан шекті мән деген не? Ол – кәсіпорынның немесе белгілі бір бизнестің ақша айналымына қатысты дүние. Әзірге Қазақстанда құн салығы 12 пайыздық межеде. Бірақ оны барлық кәсіпкер емес, жылдық ақша айналымы 78 млн теңгеден асқандар ғана төлейтін. Шекті мәнді 15 млн теңгеге азайту деген сөз – кімде кімнің бизнесінде жылдық ақша айналымы 15 млн теңгеге жетсе, ол да қосылған құн салығын төлеуші қатарына қосылатынын білдіртеді.

Яғни, осы кезге дейін 78 млн теңгеге дейінгі ақша айналымы бар кәсіпкерліктер балама түрде шағын бизнеске жатқызылды. Енді 15 млн теңгеге жетсе болғаны – орта бизнес өкілі ретінде көрінеді.

Ал қосылған құн салығы – аты айтып тұрғандай, бір кәсіпорын тауарын сатар кезде үстемелеп қосқан ақшасынан есептелетін алым. Көбіне бұл салық бизнеспен қатар, тұтынушылардың қалтасына да салмақ болатынын ұмытпаған жөн. Мысалы, Қазақстанда әзірге қосылған құн салығы 12 пайыз болып тұр. Бір аяқ киім өндіруші кәсіпорын тауарының әр данасын 30 мың теңгеден сатады десек, соның ішінде 3600 теңгесі – қосылған құн салығы есебіне кетеді. Қалғаны кәсіпкердің еншісінде.

Инфляция мен көлеңкелі бизнеске жол ашылуы мүмкін

Бұл жерде тағы да айта кетеу керек мәселе – ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеру бұл тек ұсыныс, яғни ресми талқылаулар өткен соң қандай межеде қалатыны, ҚҚС мөлшері қай санға дейін өсетіні, жалпы өсе ме сол кезде белгілі болады. Біздікі қарапайым халыққа қалай әсер ететінін түсіндіру ғана.

Енді қараңыз, Ұлттық экономика министрі С.Жұманғаринның өзі де айтқандай, қосылған құн салығын 12-ден 20 пайызға өсіру инфляцияға түрткі болмай қоймайды. Логикаға салсақ, қосылған құн салығын ескерген өндіруші тауарға 12 пайыз үстеме қосып келсе, енді 20 пайыз қосады. Жоғарыдағы мысалда айтылған аяқ киім шығарушы енді 30 мың емес, 32400 теңгеге сатуға ұмтылады. Сонда шамамен инфляция 8 пайыздың айналасында жылжуы мүмкін. Бұл – бір.

Екіншіден, қазірден бастап-ақ сарапшылар бизнесте қайтадан көлеңкелі амалдар көбейе бастауы мүмкін екенін жасырмайды. Мәселен, Еуропалық одақ елдерінде ҚҚС-ның орташа мөлшерлемесі 21,6 пайыз. Десек те салық жүйесі дамыған осы елдердің өзінде ҚҚС-дан жалтару, жасыру істері бар. Франция бюджетінің мұндай әрекеттерден жыл сайынғы шығыны – шамамен 19 млрд, Германияда – 17–18 млрд еуроны құрайды.

Бұл бізде қалай жүзеге асуы мүмкін? Бизнесінің жылдық айналымы 40 млн теңгені құрап отырған азамат бар делік. Шекті мән 15 млн теңгеге түскенде ол да ҚҚС төлеушілерге қосылатынын ойлайды да, бизнесін 3 жеке кәсіпкерлікке бөліп тастауы мүмкін.

Бұған дейін Kazinform редакциясы әлем елдерінде ҚҚС мөлшерлемесі қанша пайыз екенін жариялаған болатын. Қазақстанға қарағанда азы да, көбі де бар. Дегенмен Еуропа елдерінің іліп алар тәжірибесі көзге түседі. Олар балаларға арналған заттар, минералды су, сүт алмастырғыш, балалар автокреслосы, қоғамдық көлік қызметі сияқты әлеуметтік маңызы бар салалардағы өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге біршама жеңілдік берген.

АЭС
Фото: Kazinform

Әрине, Қазақстанда да жеңілдік иеленген салалар бар – медицина, білім беру, мәдениет, ауыл шаруашылығы, экспортқа шығарылатын тауарлар өндірісі. Бірақ әлеуметтік маңызы бар салаларды көзден тыс қалдырмау керек секілді.

Батыс елдеріндегідей саралаған жөн

Тақырыпқа байланысты Тұран университетінің Жоғары қаржы және есеп мектебінің доценті, салық сарапшысы Назия Мұсаханованың пікірін сұрап көрген едік. Оның айтуынша, мемлекеттің қаржылық мүдделері тұрғысынан алғанда, ҚҚС – бюджетке түсетін негізгі әрі тұрақты кіріс көзі.

Назия Мұсаханова
Фото: KazinformНазия Мұсаханованың жеке мұрағатынан

– Жалпы, бұл салық көп елде қолданылады. Әмбебап болуының арқасында мемлекеттердің бюджетін толықтыруда үлкен рөлі бар. Алайда қосылған құн салығы тауардың бағасына қосылатыны белгілі. Ал бағаның өсуі қарапайым азаматтардың сатып алу қабілетіне сөзсіз әсер етеді. Бұдан бөлек, ҚҚС-тың өсуі инфляциялық спиральды күшейтіп, салықтан жалтару жағдайларын көбейтуі мүмкін, – дейді сарапшы.

Назия Мұсаханова осы тұста ҚҚС мөлшерлемесін реформалау кезінде Еуропалық одақ елдерінің тәжірибесін қолдану орынды боларын айтты. ЕО-ға мүше әр ел ҚҚС мөлшерлемесін дербес белгілесе де, салықты есептеу бойынша белгілі бір ережелер бар. Мысалы, стандартты мөлшерлеме 15%-дан төмен болмауға тиіс. Сонымен қатар, кейбір тауарларға жеңілдетілген мөлшерлеме қолданылады, ал кейбір өнімдерге нөлдік мөлшерлеме белгіленген.

– ЕО елдерінің басым бөлігі ҚҚС төлеуді резиденттер мен резидент еместер үшін бөлек қарастырады. Бұл ретте ҚҚС бойынша салықтық жеңілдіктерді тек елде ресми тіркелген бизнесі бар резиденттер ғана пайдалана алады. Ал тұруға ықтиярхат алған, елде кеңсе ашқан резидент еместер үшін инвестицияларды тарту мақсатында төмендетілген мөлшерлемелер белгіленеді. Жалпы, Еуропа елдерінде орташа мөлшерлеме 20-21 пайыз. Ал жеңілдетілген мөлшерлемелер Ұлыбританияда 0, Францияда 5,5 пайыздан басталады. Міне, осындай тәжірибе ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 20%-ға дейін арттыруды қабылдауға мүмкіндік береді, – дейді маман.

Яғни, ҚҚС-ты сараланған түрде алу механизмі Қазақстан үшін салықтың тек фискалдық емес, сонымен қатар реттеушілік әлеуетін тиімді іске асыруға жол ашпақ. Сараланған ҚҚС жүйесін енгізген елдердің тәжірибесі оны әкімшілендіруде айтарлықтай қиындықтар туғызбайтынын көрсеткен.

– Менің ойымша, мөлшерлеменің артуы шекарадағы және кедендегі сыбайлас жемқорлық деңгейін жоғарылатып, «сұр» импорттың өсу қаупін күшейтеді. Сонымен қатар, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуіне байланысты бизнестің салықтық шығындары артып, бұл елдің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін, – деп қорытындылады сөзін Назия Мұсаханова.

Жанама салықты түбінде тұтынушы төлейді

Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің пікірінше, алдағы уақытта болуы мүмкін өзгерістерді мемлекеттік органдар қарапайым халыққа ұғынықты етіп түсіндіріп бергені абзал.

Тимур Жаркенов
Фото: Тимур Жаркеновтің жеке мұрағатынан

– Қосылған құн салығына қатысты шекті мәнді 15 миллион теңгеге төмендету тақырыбын біз екі жылдан бері талқылап келеміз. Осы уақытқа дейін мәселені келіссөздер арқылы шешіп келдік. Енді бұл бастама ресми жарияланды. Алдағы уақытта біз осыған қатысты талдау әзірлеп, жағдайды реттеудің басқа қандай нұсқалары барын анықтап көреміз.

Қазір ҚҚС есебі бойынша белгілі бір алшақтықтар бар, ал мемлекет ҚҚС аударымдары үздіксіз жүзеге асырылуы керек деп санап отыр. Егер шек 15 миллион теңгеге дейін төмендетілсе, онда B2B секторы біртұтас жүйеге бірігеді. Яғни, барлық аралық мәмілелер ҚҚС-қа жатқызылып, бұлар жанама салықтар санатына кіреді. Жалпы, ҚҚС - белгілі бір өнімге қосылған құнға салынатын салық. Оның есептелуін толыққанды түсіндіріп беру – мемлекеттік органдар құзырындағы іс, – деді Жаркенов.

15 миллион теңге – бұл микро-бизнестің белгілі бір шектеуі. Сарапшы алдын ала келісім бойынша микро-бизнес үшін «өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық» енгізуді қарастырғандарын айтты. Бұрын бұл лимитті жылына 15 миллион теңге көлемінде белгілеуге келісіпті. Енді осы шекті мөлшер негізге алынып отыр.

– ҚҚС халыққа әсер ететіні сөзсіз. Бұл жанама салықты ақырында тұтынушы төлейді. Жеке тұлға кез келген бір тауарды сатып алған кезде осы тауардың құнында ҚҚС-тың 20 пайызы да болады. Тауарлар мен қызметтердің құны шынымен де тұтынушыларға қымбаттау бола бастайтыны анық, – деп түйіндеді Тимур Жаркенов.

Қорыта айтқанда, тақырыпты теңселген таразыға балауымыз бекер емес. Өйткені ҚҚС-ты көтеру бюджетке тиімді болғанымен, тұтынушыларға жағымсыз болуы ықтимал. Ал бизнесті ұтылады не ұтылмайды деп жорамалдай алмаймыз, себебі жанама салықты тауар құнына арта салуы ғажап емес. Шамасы, алдағы уақытта инфляция тақырыбының өзектілігі арта бермек.

Соңғы жаңалықтар