Теңіз кен орнында не болып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Теңіз кен орнында болған жағдайдан кейін газ зауыттың қолданысындағы факелде жағылған. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есенов мәлімдеді.

сжигание газа на факелах
Фото: pixabay.com

Air.kz қосымшасында 19 қаңтар күні сағат 09:00-де жарияланған мәліметке сәйкес, ауа құрамындағы күкіртсутегінің мөлшері рұқсат етілген деңгейден 2,1 , ал көміртек оксиді 1,7 есе артқан. Алайда қазіргі уақытта экологтар тексеріс жұмыстарын бастаған жоқ. 

Ерлан Есеновтің айтуынша, өндіріс аумағы әзірге адамдар үшін толық қауіпсіз деп айтуға болмайды.

- Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында техникалық регламентке сәйкес зауыттағы жабдықтардағы қысымды төмендету үшін газ қолданыстағы факелдерге бағытталған. Яғни, газ факел арқылы жағылған. Осы дерек бойынша қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша Экология департаменті зауытқа бірқатар сұрақ жолдап, олардың жауаптары қамтылған материалдарды қарастырып жатыр. Алдағы уақытта тексеру іс-шараларын жүргізу немесе жүргізбеу мәселесі шешіледі. Тексеріс жүргізілген жағдайда, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту немесе заңнамада көзделген өзге де шараларды қолдану туралы шешім қабылданады. Бұл жөнінде қосымша хабарланатын болады,-деді Атырау облысы бойынша мемлекеттік экологиялық инспекторы Ерлан Есенов.

Департаменттің мәліметінше, қазіргі таңда «Теңізшевройл» компаниясы трансформаторлық жабдықтардың жай-күйін тексеру және техникалық бағалау, энергия жүйелерінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын тексеру, қоршаған ортаға ықтимал әсер көздерін бақылау, сондай-ақ өндірісті қауіпсіз түрде қайта бастауға объектілерді дайындау бойынша бірқатар іс-шараны жүзеге асырып жатыр.

а
Фото: air.kz

Бүгін Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев пен жергілікті атқарушы орган өкілдері Теңіз кен орнына барды.

Ведомствоның хабарлауынша, 18 қаңтарда болған технологиялық бұзушылықты, атап айтқанда газ турбиналық қондырғыларында болған ақауды анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

Комиссия құрамында мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық департаменті, Атырау облысы әкімдігінің, «KEGOC» және «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері енген.

Мұнай өндіру жұмыстары персонал мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, қауіпсіздік протоколдарына сәйкес уақытша тоқтатылған.

18 қаңтарда Теңіз кен орнында өрт болып, 450-ден аса жұмысшы эвакуацияланды.

Ал бір күннен кейін ТШО Теңіз және Королев кен орындарындағы өндірісті уақытша тоқтатқанын хабарлаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар