Теракт туралы жалған ақпарат берген ақтөбелік егіздер ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде есірткіге еліткен егіздер теракті туралы жалған ақпарат таратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ағымдағы жылдың 29 шілдесінде Ақтөбе қаласының ІІБ 102 пультіне терроризм актісі жайында қоңырау түскен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері хабарлаған жігіт пен оның егізінен жауап алуға тырысқан. Бірақ, аталған азаматтар есірткіге елітіп, ештеңе де түсіндіре алмаған. Бұған қоса, қоғамдық тәртіпті бұзып, боғауыз сөз айтып, құқық қорғаушыларға бағынбаған. Осыған орай, олардың үстінен бұзақылық жасағандықтары үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, Ақтөбе қалалық сот шешімімен әкімшілік тұтқынға алынған», - деп атап өтеді министрліктен.
Ведомство мәліметінше, медициналық тексеру барысында олардың өсімдік түріндегі есірткі затын қолданғаны анықталған.
«Ағымдағы жылдың 30 шілдесі күні оларды әкімшілік тұтқынға алу үшін арнайы қабылдау орнына жеткізу барысында егіздердің бірі қашып кетпек болып, Ақтөбе қалалық ІІБ-нің 2 қызметкеріне дене жарақатын салған. Оның үстінен ҚР ҚК 280-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егіздердің әрекеттерін одан ары тергеу барысында салафизмнің деструктивті ілімін ұстану белгілері байқалды», - делінген таратылған ақпаратта.