«Терең ойлана алмайды»: Жас ұрпақтың ерекшелігі қандай

  АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа ұрпақтың дамуы мен психологиясы соңғы кездері көпшіліктің көкейіндегі мәселеге айналды. Көпшілік зумерлер мен альфа ұрпақ деп атап кеткен жастардың терең ойланып, әрекет етпейтініне алаңдаулы. Зумерлер мен альфалар кімдер? Оларды қалай тәрбиелеу керек? Мамандар Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, пікірлерін білдірді.

Жас ұрпақтың ерекшелігі қандай
Фото: Pixabay.com

 — Жалпы, зумерлер деп 1997–2010 жылдар аралығында туған жастарды атаймыз. Зумерлер көбіне үстірт ойланады, кеңістікке жылдам бейімделіп, жаңа технологияларды тез меңгереді. Философиялық тұрғыдан алғанда әрбір ұрпақтың өзіне тән миссиясы болады. Ал зета ұрпақтың міндеті — жаһандық мәселелерге өзгеріс енгізу деуге болады. Альфалар, керісінше, көбіне креативті келеді. Олар ақпаратты визуалды түрде қабылдайды және «қазір және осында» қағидасымен өмір сүреді, — дейді психолог маманы.

Жанна Арынбаева жас ұрпақтың ойлау қабілетіндегі мәселелерге де тоқталды.

Жанна Арынбаева
Фото: Жанна Арынбаеваның жеке мұрағатынан

— Мұнда өте маңызды бір мәселе бар — бұл балалар шынайы өмірмен қаншалықты байланысты, олар қауіпті жағдайларды тани ала ма, өз әрекеттерінің салдарын түсіне ме, жоқ па — мәселе осында. Мұндай жағдайда тәрбие ерекше рөл атқарады. Баланың ата-анамен тығыз қарым-қатынаста болуы — дұрыс шешім қабылдауға, дұрыс қорытынды жасауға, дұрыс әрекет етуге баулудың негізі. Себебі бала не істесе де, соның нәтижесін кейін өзі көреді. Бұл қасиет белгілі бір деңгейде зумерлерге де тән. Мысалы, зумерлерге дейінгі ұрпақтар көбіне нәтиже үшін өмір сүрсе, зумерлер мен альфалар процестен ләззат алуды қалайды. Олар әрекетінің салдарына аса мән бере бермейді. Миллениалдар мекенжай, туған күні, аты-жөнін жаттап алуға тырысса, зумерлер мен альфалар үшін бұл қажет емес. Олар «осы ақпаратты қайдан таба аламын?» деген сұрақпен өмір сүреді. Миллениалдар ақпаратты шынайы дереккөздерден көріп, оқып, естіп, ұстап қабылдауға тырысса, зумерлер мен альфалар үшін бір нәрсені жаттап немесе есте сақтап қалу аса маңызды емес. Және зумерлер мен альфалардың өздеріне жауапкершілік ала алуы — өз алдына үлкен сұрақ. Оларда бұл тұрғыда кішігірім қиындықтар туындауы мүмкін. Себебі эмоцияның әсерімен жылдам шешім қабылдағанда, олар оның салдары туралы ойланбайды. Мәселен, олар алған ақпараттың шынайы не жалған екеніне көз жеткізбестен әрекетке көше салады. Мұндай әрекеттер әрдайым оң нәтиже бере бермейді, — дейді маман.

Психологтың айтуынша, жылдам шешім қабылдап, терең ойланбаудың да жақсы тұстары бар.

— Зумерлер мен альфалар ақпаратты көп тұтынады. Олар деректі жылдам қарап шығып, салыстырып, қорытынды жасап, шешім қабылдай алады. Бірақ терең ойланып, мәселенің байыбына баруға бейім емес. Алайда бұл әрдайым минус деген сөз де емес. Кейбір жағдайларда терең ойланбау тиімді. Өйткені көп ойлана беру миға қорқыныш тудырып, адамды әрекеттен тежеп тастайды. Бұл — миллениалдарға тән жағдай. Олар жүз ойланып, мың толғанып, ақырында мүлдем әрекет етпей қоюы да мүмкін. Бұл — қателік жасаудан қорқу сезімінен туындайды, — дейді ол.

Ал мұндай ұрпақтар бөлінісі сауда-саттық мәселесін жеңілдету үшін керек екен. Жанна Арынбаева оның да себебін түсіндірді.

— Жалпы, ұрпақтар теориясының басты мақсаты — әр ұрпақтың қабылдауы, наным-сенімі, әлеуметтік көзқарасы мен идеяларын түсіну. Сол себепті ұрпақтар осылай бөлінеді. Мысалы, миллениалдардың сенімдері мен өмірлік бағдарлары қазіргі альфалармен салыстырғанда мүлде өзгеше. Альфалар жеңілдік пен қарапайымдылықты ұстанса, миллениалдар логикаға, терең ой мен сараптауға бейім. Сондықтан ұрпақтар теориясы адамдардың психологиясын зерттеуге, маркетинг жүргізуге, сауда-саттық пен ғылымды дамытуға аса қажет. Мысалы, бір тауарды миллениал мен альфа ұрпағына сату үшін әртүрлі тәсілдер қолдану қажет. Мұндай процестерде ұрпақтардың ерекшеліктерін ескеру өте маңызды. Бірақ бұл — қатып қалған қағида емес. Миллениалдардың арасында альфаша ойлайтындар, ал альфалардың арасында миллениалдарға тән әрекет жасайтын балалар кездесуі мүмкін, — дейді психолог.

Ал педагог Ақмоншақ Нұртаза қазіргі жас балалардың психологиясындағы ерекшеліктерді атап өтті.

Ақмоншақ Нұртаза
Фото: Ақмоншақ Нұртазаның жеке мұрағатынан

— Альфа ұрпағының ойлау қабілеті қысқа уақытқа бейімделген. Олар ұзақ әңгімені немесе көлемді ақпаратты қабылдауға қиналады. Бұл — олардың цифрлық дәуірдің балалары екенінің дәлелі. Оларды ғаламтормен, смартфонмен, компьютермен бірге туған деп айтуға болады. Бірсарынды, дәстүрлі сабақ оларды тез жалықтырып жібереді. Менің әлеуметтік желіге келуімнің мақсаты да — қазіргі балаларға жақындай түсу, оларға өз тілімен сөйлей білу. Бұл ұрпақтың тағы бір ерекшелігі — олар жеке қарым-қатынас жасауды қалайды. Әр баланың пікірін ескеріп, санасу қажет. Және қазіргі балалар өте эмоционалды. Олар өздерін тыңдағанын қалайды. Цифрлық сауаттылықтары жоғары болғанымен, психологиялық тұрғыда әлсіздеу. Альфа ұрпағы өз ойын ашық жеткізеді. «Менікі дұрыс» деген өзімшілдік мінездері басым. Өз айтқандарын істеткісі келіп тұрады. Сондықтан оларды тәрбиелеу әдеттегіден де көп күш пен шыдамдылықты талап етеді, — дейді ұстаз.

Педагог білім беру методикасын да балалардың психологиясына қарай бейімдеу керектігін айтады. Бұрынғы әдіс-тәсілдермен қазіргі балаларға мәліметті сіңіру қиын дейді Астана қаласындағы № 58 мектеп-гимназиясының директоры.

— Мен мектеп директоры ретінде өз ұжымыма үнемі айтып отырамын: сіз қандай ұстаз болсаңыз да, қандай әдіс қолдансаңыз да, ең бастысы — балаға білімді жеткізу. Себебі қазіргі балалардың таным процестері бұрынғылармен сәйкес келмейді. Көпшілікті «неге білім сапасын көтере алмай жатырмыз?», «мұғалім мен оқушының арасы неге алшақтап барады?» деген сұрақтар алаңдатады. Бұл — заман мен оқушы психологиясының өзгеріп, мұғалімдердің әдіс-тәсілдерінің сол күйі қалып қойғанының салдары. Біз мемлекеттік стандартқа сай білім береміз. Бірақ мұғалім сабақты жатып бере ме, TikTok арқылы бере ме, сыртта жүріп түсіндіре ме — бәрібір. Бастысы — баланың ақпаратты қабылдауы және мұғалімді тұлға ретінде қабылдауы. Баланың сабаққа деген зейіні алғашқы 15 минутта шоғырланады. Қалған уақытта оның қызығушылығы төмендей береді. Бұл — ғылыми түрде дәлелденген факт, — дейді Ақмоншақ Нұртаза.

Ұстаздың айтуынша, қазіргі ата-аналар да балаларды тәрбиелеу кезінде осы қателіктерге жиі жол беріп жатады.

— Біз балаларды тәрбиелеуде олардың ұрпақтық ерекшеліктерін ескермей, қателіктерге бой алдырып жатамыз. Жоғарғы буын «мені қалай тәрбиелесе, мен де балаларымды солай тәрбиелеймін» деген ұстаныммен өмір сүреді. Алайда бұл — қазіргі заманда жарамсыз тәсіл. Үлкен кісілермен сөйлессек, «бұрын бізді солай тәрбиеледі, ештеңе болмады» дегенді жиі естиміз. Бірақ ол кезде заман басқа еді. Қазір — даму заманы, ақпараттың барлығы ашық. Балалар өз құқықтарын жақсы біледі. Егер біз оларды бұрынғыдай қатал тәртіппен тәрбиелесек, бұл нәтиже бермейді. Бірақ қатал болмау керек деген де дұрыс емес. Белгілі бір деңгейде талап пен тәртіп қажет. Және мұғалім олардың деңгейіне түсе білуі керек, — дейді ол.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп бағдарламасына жыныстық қатынас тәрбиесін енгізуге қатысты пікір білдірді. 

Одан бөлек, 7 жасар математик баланың анасы дарынды баланы тәрбиелеудегі тәжірибесімен бөлісті. 

Ал қазіргі әкелердің не себепті бала тәрбиесіне аз араласатынын білгіңіз келсе, сілтемеге өтіңіз. 

Соңғы жаңалықтар