Терезе жасайтын ақтөбелік кәсіпкер шетелдік компаниялар тығыз байланыс жасап отыр
- «Кәсіпкерлердің көпшілігі шала сауатты, олар саудаға ғана жүйрік» - деген әңгіме қисынға келмейді. Басқасын білмеймін, мен аспирантураны да бітіргенмін. Жас кезде ғылыми жоба да қорғадым... Бірақ ақша құнсызданып, қиын-қыстау заман болғанда осы салаға бет бұруға тура келді. Алғашында біреуге жұмыс істедік, көп қызметкерлердің бірі болдық. Кейін етек-жеңімізді жинап, біраз тәжірибе жинаған соң «Қашанғы басқалардың қалтасының қамын ойлаймыз? Өз ісімізді бастау керек!» - деген ойға келдім. Сөйтіп, 2007 жылы банктен 25 мың доллар несие алып, бизнесімді бастадым. Ол кезде небары 3-ақ адамбыз. Алғашында, әрине, тек қана пластик терезелер шығардық, - деп бастады әңгімесін Қайрат.
Бүгінге дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы екі рет несие алған «Әлем-пласт» ЖШС директорының шаруасы жүріп тұр. Соның арқасында жұмысшылар саны 15 адамға дейін толыққан. Сатып алушыларға ұсынатын өнімдерінің түрі де мол. Есік, қақпа, терезе, шлагбаум, тор, жалпы алғанда алюминий мен пластик сияқты материалдардан сан алуан жабдықтарды жасайтын серіктестік Ресей, Қытай сынды мемлекеттердің ірі компанияларымен қоян-қолтық жұмыс істейді.
- Несиені жаңа құрылғыларды сатып алу үшін рәсімдедік. Енді басқа да өнімдерді шығаруды жоспарлап отырмыз. Өйткені оған қажетті құралдар бізде бар. Тек бәрін ыңғайлау қажет боп тұр.
Бізге негізінен жеке адамдардан тапсырыс аз түседі. Көбіне-көп ірі құрылыс фирмаларымен жұмыс істейміз. Оларға сұраныс бойынша терезе, есіктер дайындаймыз. Сондай-ақ, ресейлік, қытайлық фирмаларға қақпалар жасаймыз. Шетелдік компаниялардың дені өндіріс орындарына арналған үлкен қақпаларға тапсырыс береді. Яғни сырттан да сұраныс бар, шүкір, - дейді ол.
Қазірде Ақтөбеден бөлек, серіктестік өнімдеріне Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары қызығушылық танытып отыр. Оған себеп, Қайрат Төлегенұлының сендіруінше, сапаның жоғарылығы һәм бағаның қолжетімділігі. «Біз үшін ең бастысы - тұтынушылардың разылығы. Егер олар риза болып кетсе, келесіде міндетті түрде тағы бізге келеді. Әрі өзгелерге де айтып, тегін жарнама жасайды дегендей. Бәсекелестік басым боп тұрған уақытта осылай істемесек, басқалай болмайтын сияқты. Әйтпесе, шыны керек, барлығымыздағы қондырғылар бірдей. Біз тек тұтынушыларды баға жағынан өзімізге қарай ынталандыра түсеміз. Мысалы, біз нарықтағы бағадан сәл арзанға сатуды жөн көріп отырмыз. Бір терезенің құны әдетте 32-35 мың теңге болса, біз оны 30 мың теңгеге сатамыз. Ондағы ойымыз - тұтынушыларымыз тағы келсін, өзгелерге осынау жеңілдіктерді айтсын», - деп ағынан жарылады әңгімелесушіміз.
Кәсіпорын директоры тағы он шақты ақтөбелікті жұмысқа қабылдауды мақсат етіп отыр. Сөз арасында қарамағындағылардың орташа еңбекақысы 70-80 мың теңге екенін жеткізген Қайрат Бірмағамбетов жұмысшылардың жағдайы - дәйім бірінші орында тұратынын және білдірді:
- Жекеменшік фирмалар әдетте жылына бір реттік еңбек демалысын берерде кемшін түсіп жатады. Мерекелерде де сараңдығы ұстап қалатындардың кездесетіні рас. Ал біз ондайға қарсымыз. Неге десеңіз, кезінде өзіміз де қарапайым жұмысшы болғанбыз... Сол себепті, қызметкерлердің қамын алдымен ойлаймыз. Ең бастысы, жұмысшылардан адалдықты талап етемін. Егер міндеттерін ойдағыдай орындаса, олардың да көңілдерінің тоқ болғанына ниеттімін.
Жылына 2 мың шаршы метр терезе шығаратын өндіріс орнының басты мұраттарының бірі - экономикалық қиындықтарға қарамастан, қызметкерлерді қысқартпау. Көрсетілетін қызметтерінің санын ұлғайтуды жоспарлап отырған Қайрат Төлегенұлы жыл соңына дейін серіктестіктің жеке базасын салып, осылайша, өндіріс көлемін кеңейтуге күш салатынын келтірді.
«Жоспарлаған жұмыстарыңыз іске асса, келер жылға нендей мақсатыңыз бар?» - дегенімізде, оның жиһаз шығаруға ықыласты екенін білдік. Ақтөбенің өнімдерінің көбейгеніне біз де тілектеспіз.