Тергеу органдарының процессуалдық шешімдерін прокурорлар мақұлдайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас Прокуроры Ғизат Нұрдәулетов пен ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Нұр-Сұлтан қаласының «Есіл» аудандық полиция басқармасына барып, заңның жаңа талаптарының орындалуын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

2020 жылы 31 желтоқсанда Мемлекет басшысының негізгі процессуалдық шешімдерді прокурормен келісу туралы тапсырмасын орындау мақсатында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енген еді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қылмыстық процестерді халықаралық стандарттарға жақындату мақсатын қойды. Осыған байланысты, қылмыстық және қылмыстық-процесуалдық кодекстерге өзгерістер енгізілді. Енді прокурорлар 31 желтоқсаннан бастап, тергеу органдары қабылдайтын бес маңызды шешімге келісім береді. Олардың қатарына адамды күдікті деп есептеу, қылмыскерлердің әрекетін саралау, қылмыстық істі тоқтату туралы шығарылатын қаулылар жатады. Бұл шешімдерге прокурорлар келісім бермеген жағдайда олардың заңды күші болмайды. Аталған шаралар азаматтардың конституциялық құқығын сақтауға және қылмыстық процесте заңбұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған. Бұған дейін тергеушілер өздері шешім шығаратын болса, енді тек қана прокурор келісімін алғанда ғана бұл шешімдер заңды болып саналады», - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры Бауыржан Мырзакеров «Есіл» аудандық полиция басқармасында тілшілерге берген сұхбатында.

Бас Прокурор мен министр тергеушілердің жаңа процессуалдық жағдайдағы жұмысымен танысты және олардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының шешімдерін электронды форматта келісу бойынша прокурорлармен өзара іс-қимылын көрді.

ҚР Бас Прокуратурасы Стратегиялық даму департаментінің басшысы Ерғали Мәбиевтің айтуынша, сотқа дейінгі тергеудің барлық органдары Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі негізінде жұмыс істейді.

«Яғни, аудан, аймақ, облысқа қарамастан, барлығы бірыңғай жүйеде жұмыс істейді. Тиісінше, тергеуші осы жүйеде шешім қабылдайды және прокурор бұл шешімдерді онлайн жүйеде көре алады. Мұнда қағаз құжаттарды жөнелту, кеңселерді аралау, қағазбастылық болмайды, барлық шешімді бір жүйеде қарап отыруға болады. Егер прокурор іспен жақсы таныс болса, оны мақұлдауға көп уақыт кетпейді», - дейді Е. Мәбиев.

Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов полиция органдары мен прокуратураның бірлескен пилоттық жобасы туралы айтып берді.

«2020 жылғы 31 желтоқсаннан бастап, полиция органдары прокуратурамен бірлесіп, қылмыстық процестің үш буынды моделіне ауысты. Осы үш буынды модельдің басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау және шағын және орта бизнесті қорғау. Осыған байланысты, алдын ала көп жұмыс жасалды. 1 қазаннан бастап, ішкі істер органдары мен Бас прокуратура бірлескен пилоттық жобаны іске қосты. Осы пилоттық жоба арқылы Қазақстан бойынша электронды түрде тергеуді үйрендік. Осы цифрландыру нәтижесінде ішкі істер органдарының 50 пайызы қылмыстық істерді электронды түрде тергеген. Уақыт жағына тоқталсақ, бұрын прокурор тергеу сапасын 10 күн тексерсе, қазір бір тәулік ішінде қылмыстық-процесуалдық шешімді тексеріп, қылмыстық істер әрі қарай сотқа жолданады», - дейді С. Әділов.

ҚР Бас прокуратурасының хабарлауынша, енді тұлғаны күдікті деп тану, әрекетті саралау, қайта саралау, мерзімдерді үзу, істі тоқтату және адамды айыптау хаттамасы мен бұйрық өндірісін қолдану қаулысы сияқты процессуалдық шешімдер прокурордың келісімінсіз және мақұлдауынсыз заңды күшке ие болмайды.

31 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейінгі аралықта прокурорлар республика бойынша 1452 маңызды процессуалдық шешімді тексеріп, оның 1274-ін мақұлдаған, қылмыстық әрекет туралы 8 хаттама бекітілген және 166 шешімді мақұлдаудан бас тартқан. Елордалық прокурорлар 31 желтоқсан мен 5 қаңтар күндері 220 процессуалдық шешімнің 205-ін мақұлдаған.


Соңғы жаңалықтар