Тергеушінің есімін кеудесіне жазған ақтөбеліктің ісінен заңсыздық анықталды

Еске сала кетейік, Ақтөбе қаласындағы түнгі клубтардың бірінде төбелес болып, жас жігіттерге тоқтау айтқан Бауыржан Унерзак уақытша қамауға алынды. Сол кезде ол кеудесіне тергеушінің тегін жазып, аштық жариялады. Кейін сот шешімімен күдікті уақытша тергеу изоляторынан үйқамаққа шықты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, күдіктінің келіншегі Арина Нұғманова жедел жәрдем шақырып, бірнеше рет дәрігердің көмегіне жүгінген . Іске прокуратура араласып, тергеу жұмыстарынан заңсыздық анықтады.
«Топпен бұзақылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабының 2- тармағы бойынша Бауыржан Унерзакқа қатысты іс сотқа жіберілді. Ақтөбе қаласының прокуратурасы дәлел болмаған соң күдіктіге қатысты іс-әрекетті Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабының 3-тармағына ауыстыру туралы қаулының күшін жойды. Тергеу кезінде анықталған заңсыздықтарды жоюға ұсыныс берілді. Қылмыстық іске қатысы бар өзге күдіктілер бөлек өндіріске алынып, оларға іздеу жарияланды»,- деп хабарлайды Ақтөбе облысы прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.