Террористік және экстремистік қылмыс жасағаны үшін 34 адам сотталды — ҰҚК

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе қалалық сотының шешімімен Ақтөбе облысының бір тұрғыны терроризмді насихаттағаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 34 адам сотталды — ҰҚК
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ҰҚК тергеген қылмыстық іс шеңберінде, оның айналасындағыларды лаңкестер жағында шетелдегі соғыс қимылдарына қатысуға шақырғаны, сонымен қатар өзі де оларға қосылуды жоспарлағаны анықталды.

— Тінту барысында одан 2 автомат, 8 тапанша, 8 мылтық, 3 шолақ қару, жасырын тасымалданатын гарнитурасымен 6 радиостанция, 3 түтін шашкасы, 1 жарық гранатасы және 581 патроны табылды, — делінген ҰҚК хабарламасында.

Сондай-ақ, ҰҚК материалы бойынша Алматы облыстық сотының шешімімен Каскелең қаласының бір тұрғыны терроризмді насихаттағаны және террористік әрекеттерді ұйымдастыруға адамдарды тартқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылуға сотталды.

Фигурант Қазақстанда резонансты зорлық-зомбылық акциясын жасау үшін лаңкестік топ құруды жоспарлаған.

Осы мақсатта басқа діндар адамдарға лаңкестік идеологияны қабылдатып, оларды өз қатарына тартуға әрекеттенген.

— Жалпы осы жылдың басынан ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін әртүрлі мерзімге 34 адам, сондай-ақ 2 шетел азаматы сотталған. Олар терроризмді насихаттағаны, діни араздық тудырғандығы, террористік және экстремистік топтардың әрекетіне тартқаны, құрғаны және оларға қатысқаны, тыйым салынған ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылған, — делінген хабарламада.

Тағы 23 адамға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Айта кетелік жыл басынан ҰҚК полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп 12 автомат, 41 тапанша, 75 мылтық, 36 граната және әртүрлі калибрдегі 1 603 оқ-дәрі тәркіледі.

 

Соңғы жаңалықтар