Tesla: Илон Маск шамамен 1 триллион доллар төлем алуы мүмкін
АСТАНА.KAZINFORM — Tesla-ның нарықтық құны 8,5 триллион долларға жеткен жағдайда, Маск компанияның 12% акциясын алуы мүмкін, деп жазды Анадолы агенттігі.

Америкалық электр көліктерін өндіруші Tesla компаниясының директорлар кеңесі бас директор Илон Маскқа қойылған мақсаттарға қол жеткізген жағдайда шамамен 1 триллион доллар көлемінде төлем ұсынды.
Tesla директорлар кеңесі акционерлерге жолдаған хатында компанияда бас директорды ұзақмерзімді нәтижеге ынталандыратын бағдарлама жоқ екені және Маскты Tesla-ға толық көңіл бөлуге, оны басқаруға әрі компанияда қалуға ынталандыру қажеттігі айтылған.
Хатта Маск акционерлерге «ерекше» қаржылық нәтиже көрсетіп, алдағы жылдары Tesla-ның басқарушысы болып қала берсе, оған сыйақы төленетіні көрсетілген.
Маск толық көлемде төлем алуы үшін келесі мақсаттарға жетуі керек:
-
робот-такси өндірісі сияқты жаңа бағыттарды кеңейту;
-
компанияның нарықтық құнын 7,5 триллион долларға дейін арттыру.
Сондай-ақ, Маск толық сыйақыны алу үшін Tesla-да 7,5 жылдан 10 жылға дейін жұмыс істеуі тиіс.
Барлық мақсаттарға қол жеткізілген жағдайда, Tesla «тарихтағы ең құнды компанияға» айналады деп көрсетілген.
Егер Tesla-ның нарықтық құны 8,5 триллион долларға жетсе, Маскқа компания акцияларының шамамен 12%-ы берілмек.
Бұл төлемнің жалпы сомасы шамамен 1 триллион долларды құрайды.
Айта кетейік, 2026 жылы америкалық Neuralink компаниясы зағип адамның көру қабілетін жартылай қалпына келтіру операциясын жасамақшы.