Tesla роботакси қызметін жуырда іске қоспақшы

АНКАРА.KAZINFORM — Алғашқы сынақ сапарлары 22 маусымда Остинде басталуы мүмкін, деп жазды Анадолы агенттігі.

Tesla роботакси қызметін жуырда іске қоспақшы
Фото: abc.az

Америкалық миллиардер, Tesla және SpaceX компанияларының иесі Илон Маск 22 маусымда жүргізушісіз такси (роботакси) қызметін іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Масктың айтуынша, жүргізушісіз электр көліктерімен алғашқы сынақ сапарлары Техас штатының Остин қаласында басталуы мүмкін.

— Біз қауіпсіздік мәселесіне аса мұқият қараймыз, сондықтан іске қосу күні өзгеруі мүмкін, — деді ол.

АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жаңа қызметтің іске қосылуы инвесторлар, Уолл-стрит сарапшылары мен автокөлік жанкүйерлері тарапынан үлкен қызығушылық тудырған. 

Өткен айда CNBC телеарнасына берген сұхбатында Маск роботакси қызметінің алғашқы кезеңінде қашықтан басқарылатынын және тек арнайы қауіпсіз деп танылған аймақтарда ғана қозғалатынын нақтылаған еді.

Айта кетейік, Илон Маск Трамптан кешірім сұрағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар