Тhe UAE SWAT Challenge 2025: «Tomiris» әйелдер арнайы жасағы жүлдемен оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Дубайда өткен халықаралық «Тhe UAE SWAT Challenge 2025» арнайы жасақтар жарысына Қазақстан атынан алғаш әйелдер командасы қатысты.

Халықаралық турнир заманауи тәсілдер бойынша тәжірибе алмасуға, арнайы жасақтың дайындық деңгейі мен халықаралық ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізіп, жалпы жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға оң әсер етеді.

— Алғаш рет арнайы жасақтар қатарында аруларымыз қатысты, олар әлемнің мықты жігіттерімен бірге сынға түсті. Нағыз шеберлік пен қайсарлықтың белгісін көрсетті. Бұл нағыз ерлік. Құрметті жауынгерлер, біз сіздермен мақтанамыз, әрқашан, әр сайыста тек қана жеңіс болсын, алға Қазақстан!, — деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов арнайы жасақ құрамасын салтанатты түрде қарсы алу барысында.

«Tomiris» арнайы жасағы әйелдер командасы арасында күміс жүлдеге ие болды.

— Әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес, оған қатысу керек. Бес күн ерекше өтті, әр күннің өз қиындығы болды. Қыздар бәрі ойдағыдай, жоспарға сай орындап шықты. Негізі қызбен ер адамды салыстыруға болмайды, соған қарамастан намысты ерлермен қатар қорғадық. Ең мықты команда, әрине, Қазақстан! — деді Ішкі істер министрлігінің «Tomiris» әйелдер арнайы жасағының мүшесі Балнұр Қиялбекова БАҚ өкілдеріне сұхбат бере тұрып.

«Тhe UAE SWAT Challenge 2025» арнайы жасақтар жарысына Қазақстаннан алғаш Ұлттық ұлан командасы 2019 жылы қатысты.
— Біз жарыста ерлермен қатар бәсекеге түстік. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті, барымызды салдық. Жарысқа жоғары деңгейде дайындалдық, оқу-жаттығу елордада өтті. Соңғы кезеңде ұлдардың өзі өте алмай жатқанда, біздің команда бір қарқында өтіп шықтық, — деп қуанышты сәтпен бөлісті Ішкі істер министрлігінің «Tomiris» әйелдер арнайы жасағының тағы бір мүшесі Құралай Қабырайқызы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанның арнайы жасағы әлемдік додадан күміс жүлдемен оралды. Жарыс жеңімпаздарын елорда жұрты әуежайдан қошеметпен қарсы алды.