Тиісті даярлығы жоқ адамдар мектептерді күзетуге тартылып жатыр - министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағында 10 мыңнан аса білім беру нысаны тексерілді. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

«Биылғы бірінші тоқсанда білім беру нысандарын кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етудің жай-күйін зерделеу бойынша мониторинг жүргізілді. Республика бойынша 162 мониторингтік топ жұмыс істеді. Мониторинг барысында 10 мыңнан аса білім беру нысаны тексерілді (10 061 білім беру ұйымы: 2 654 балабақша, 6 935 мектеп және 472 колледж)», - деді Е. Оспан Мәжілісте мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелері тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.

Оның айтуынша, мониторинг жүргізген топтар тиісті талаптар мен ережені сақтамаған нысандарды анықтады.

«Біріншіден, бейнебақылау камераларының техникалық талаптарға сәйкес келмеуі секілді деректер белгілі болды. Екіншіден, оқушылары көп және ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарында лицензияланған күзеттің қамтамасыз етілмеуі анықталды. Сонымен қатар, жекелеген аудандарда лиценцияланған күзет агенттіктерінің болмауы мәселесі де бар. Үшіншіден, күзет агенттіктері тиісті даярлығы жоқ адамдарды білім беру ұйымдарын күзетуге тартып жатады. Төртіншіден, кейбір жағдайда дабыл түймелері мен бейнекамераларды ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосуға мүмкіндік болмайды, себебі интернет жылдамдығы тым нашар», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылмен салыстырғанда жедел басқару орталықтарына қосылған білім беру ұйымдарының саны 11 есеге (2020 ж. – 500, 2023 ж. – 5 588) артты.