TikTok-та көп қаралым жинау үшін видео қандай болуы керек?
Таяуда Орталық Азиядағы TikTok өкілдігі білім саласындағы контент жасаушылар арасында байқау ұйымдастырды. Додада тараздық NIS мұғалімі Мирлан Джусамбаев үздік үштікке енген болатын.

Танымал педагог әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы физика пәнін насихаттап, миллиондаған қаралым жинаған. Осы орайда Kazinform тілшісі жеңімпазбен байланысып, елдегі контент өндірісі туралы ойын білді.
– Әлеуметтік желідегі білім контентінің көшбасшысы болдыңыз. Бұл нәтиже қазақстандықтардың білім саласына қызығушылығы артып келеді дегенді білдіре ме?
– TikTok әлеуметтік желісі білім беру бағытындағы бейнені белсенді дамытуда. Арнайы мүмкіндік қарастырылып, желі алгоритміне сай жағдай жасалған. Мысалы, желі қолданушылары көбіне қысқа әрі түсінуге жеңіл контент іздейді. Соған орай авторлар күрделі тақырыпта барынша жатық, жылдам түсіндірудің жолын қарастырып келеді, ал әлеуметтік желі қаралым санын ұлғайту үшін бейнені алдыңғы қатарға шығарады. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу мақсатында TikTok 2022 жылдан бері «Қазақстан мұғалімдері» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұның бәрі әлеуметтік желі тенденциясын пайдалы бағытқа бұруға көмектесіп жатыр десек артық емес.
Оқырман қызығушылығына келер болсақ, әрине, қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі контент тұтыну талғамы қалыптасу сатысында. Халық бұрынғыдай сауық-сайранды насихаттайтын бейнені ғана емес, танымдық тақырыпты да қарағанды ұнатады. Бастысы, қызығушылық бар. Себебі TikTok білім беру саласындағы контентті көпшілікке ұсынғанымен, оны желі қолданушылары таратып, қолдау білдірмесе, нәтиже болмас еді.
– Қарапайым мұғалімнен TikTok үздігіне айналу жолы қалай өрбіді?
– Педагог ретінде оқушылардың назарын зерделейтін әдет бар. Аңғарғаным, бала басым уақытын смартфон қараумен өткереді. Менің оқушыларым да TikTok әлеуметтік желісіне әуес, түрлі бейне салып жатады. Оларға желіні қолданба деп айту орынсыз, ол – заман талабы. Сондықтан шәкірттерімді қызықтыру үшін және өзге оқушыларға да білгенімді үйрету мақсатында әлеуметтік желіні білімді тарату құралы ретінде қарастыруды жөн көрдім.
Алғашында мұнда танымдық контент тым азын байқадым. Сұраныс бар, автор жоқтың қасы. Мұғалімдер дәстүрлі оқытуға беттеп, желіден ажырағанын сезу қиын емес еді. Ол үшін ұстаздарды кінәлаудан аулақпын. Шектеулі құзырет, құрал-жабдық болмауы да кедергі келтірген шығар. Сондықтан өзгерісті өзімнен бастағым келді.
Тәуекелге бел байлап, сабақ барысындағы кей тәжірибені смартфон арқылы түсіріп, әлеуметтік желіге жүктей бастадым. Ұзамай-ақ оқушылар мен мұғалімдер қызығушылық танытып, түрлі тақырыпта бейне түсіруімді сұрай бастады. Қолдаудың арқасында құлшыныс артты, жаңа идеялар туындады, парақшаны дамыту ұстанымы бекіді. Оның үстіне физиканы тереңдетіп оқытудың түрлі әдісін қызықты етуді мақсат тұттым. Нәтижесінде TikTok әлеуметтік желісіндегі парақшамдағы бейнелердің қаралымы миллионнан асты.
– Байқасаңыз, Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары ойын-сауық мазмұнындағы контентке жақын. Желі қолданушыларының назарын білім беру саласына бұру үшін қандай әдісті қолдану тиімді?
– Тәжірибеме сүйенсем, бірнеше идея ойға оралады. Бастысы, бейне ұзақтығы мен челлендж көмек береді деп ойлаймын. Педагог таңдаған тақырыбын 15-60 секундқа шақтап түсіндіру керек. Оған қоса оны қызықты форматта жеткізе білген жөн. Мысалы, су мен майдың араласуы, магнит әсері тақырыбын практика жүзінде көрсетсе, анағұрлым тиімді болмақ, қаралым да көбейеді. Физика заңдарын визуализациялау үшін анимация немесе графикті қолдану да шешім болар еді. Сондай-ақ оқушылар мен мұғалімдер арасында түрлі челлендж ұйымдастыру өте өзекті. Бұл бірлесе дамуға, білім саласына арналған контент өндірісінің көпшілік сипат алуына жол ашары анық.
@physicsphenom Қысым, изопроцесс#физика #ұбт ♬ orijinal ses - zeehryy_
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға талдау жүргізесіз бе? Контентіңізді қай жастағы желі қолданушылары көп қарайды?
– Уақытымның көп бөлігі негізгі жұмысым – ұстаздық жолға бағытталған. Сол себепті желіні бақылауға мүмкіндік бола бермейді. Әлеуметтік желіге бейне жүктеу хоббиім болғаныдықтан, оған арнайы зерттеу жүргізіп, аудитория туралы мәліметті сараптай алмадым. Алайда метрика бойынша негізгі көрермен 14-22 жастағы желі қолданушылары екен.
– Білім беру саласын популяризациялау – оң үрдіс. Алайда әлеуметтік желідегі кей ақпараттың дереккөзі мен шынайылығына күмән көп. Осы орайда тексерілмеген немесе жаңсақ ғылыми мәлімет тарататын азаматтарға бақылауды қалай жасаған дұрыс?
– Өте орынды сауал. Мені де осы мәселе қызықтырады. TikTok әлеуметтік желісіндегі кей автор шындыққа жанаспайтын ақпаратты көп айтады. Бұл адамдарды адастыру ғана емес, ғылымның атына дақ түсіру деп білемін. Халықтың сапалы, шынайы, тексерілген ақпарат алуына кедергі келтіруге болмайды. Сол себепті платформа әкімшілігі тарапынан жаңсақ мәліметтерді қасақана тарататын азаматтарға ескерту жасау керек немесе бейне жүктелмес бұрын ондағы мәліметтердің шынайылығын растайтын қосымша тетік қажет.
– Мемлекеттік білім беру жүйесіне әлеуметтік желі арқылы қосымша ақпарат беру тетігін енгізетін уақыт келді деп санамайсыз ба?
– Қанша жыл өтсе де білім саласында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Мысалы, музыка, медицина, кино саласындағы білім беру үрдісін алсақ, 100 жыл бұрынғы мәлімет пен әдіс-тәсіл мүлде басқа, қазіргі бейнесі тым бөлек. Тұтынушы талғамына сай құбылып отырады. Әлеуметтік желідегі контент те өзгермелі. Netflix, Spotify мұны тиімді пайдаланып келеді. Осыны ескерсек, білім беру бағыты қалыс, тұралап тұр. Сондықтан әлеуметтік желілерді қосымша білім беру құралы ретінде қарастыратын уақыт жетті.
– Әлеуметтік желідегі белсенділік кәсіби қызметке қалай әсер етті?
– Мұғалім үшін сапалы білім беруден артық міндет жоқ. Осы бағытта еңбек етіп келемін. Биыл «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының финалисі атандым. CLIL (Content and Language Integrated Learning) бойынша жаратылыстану-ғылыми пәндер мен ағылшын тілін интеграциялау саласында зерттеу жүргіздім. 2018 жылы Италияда және 2022 жылы Арменияда өткен European Conference on Educational Research халықаралық конференциясына қатысуға мүмкіндік туды. Тіпті білім беру саласындағы зерттеушілер қауымдастығының (KERA) мүшесі атандым. Мұның барлығы – әлеуметтік желінің емес, жеке ізденістің жемісі. Желідегі белсенділік кәсіби өрлеуге ықпал етті деп айта алмас едім.