Тимофей Скатов Мароккодағы турнирді сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 195-ракеткасы Тимофей Скатов Марракеш (Марокко) ATP 250 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.

Теннисист Тимофей Скатов
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 128-ракеткасы, италиялық Андреа Пеллегриноға тап келді.

Іріктеудің 3-ракеткасы болып тіркелген италиялық теннисші фаворит саналған еді.

Бірінші партияда А.Пеллегрино 6:3 есебімен басым түсті. Алайда екінші сетте Т.Скатов 4:1 есебімен алға шыққан сәтте қарсыласы матчты жалғастырудан бас тартты.

Тимофей Скатов іріктеу сайысының финалында әлемнің 141-ракеткасы, тунистік Моэ Эшаргимен шеберлік байқасады. М.Эшарги рейтингіде 939-сатыдағы марокколық Юнес Лалами-Лааруссиден айласын асырды – 6:4, 7:6 (7:3).

Т.Скатов тунистік теннисшіні жеңсе, негізгі турнирге жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирде жұптық сында үздік шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды.

 

Соңғы жаңалықтар