Тимофей Скатов Таиландтағы турнирдің ширек финалына өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 195-ракеткасы Тимофей Скатов Нонтхабури (Таиланд) челленджер турнирін сәтті өткізіп жатыр.

Тимофей Скатов
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Өткен аптада Бангалор (Үндістан) челленджер жарысының финалына дейін жеткен қазақстандық теннисші Нонтхабуриде 2-ракетка болып тіркелген.

Тимофей алғашқы айналымда рейтингіде 331-орында тұрған Дуже Айдуковичті тартысты бәсекеде 6:3, 3:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді. 

Т.Скатов бүгін рейтингідегі 413-сатыдағы таиландтық Касидит Самрейді қапы қалдырды – 6:4, 6:2.

Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Скатов 5 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Самрей 6 эйс, 1 брейкпен ерекшеленді.

Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 288-ракеткасы, франциялық Флорана Бакспен таласады. Франциялық теннисші екінші айналымда қазақстандық, рейтингіде 265-сатыдағы Бейбіт Жұқаевтан айласын асырып кетті – 6:2, 6:4. 

Б.Жұқаев бастапқы айналымда қытайлық Фацзинь Сунаны 6:4, 6:1 есебімен жеңген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Аустралиядағы жарыстың екінші айналымына шыққанын жазған едік. 

Сондай-ақ Александр Шевченко Аустралиядағы турнирдің ширек финалына шықты.

 

Соңғы жаңалықтар