Тірі жетім өскен ақтөбелік келіншек қиын тағдырын айтып берді
Ақтөбе облысындағы Жайсаң балалар үйінің түлегі Орынгүл Оралова қазір бір қызын өзі бағып отыр. Тағдыры қиын жас ана «Малика» дағдарыс орталығының құрылтайшысын таниды, бұрын жұмыс берген басшы ретінде сыйлайды. Басына іс түскенде қайта айналып келіп, бұл жолы қолындағы кішкентай қызы үшін көмек сұрады.
«Біз Ақтөбе облысы, Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында тұрғанбыз. Мен 2 жастан асқан кезде әкеміз ішіп, анамыз үйден кетіп қалған. Төрт бала едік. Үлкен ағам әжемнің тәрбиесінде болып, содан кейінгі екі ағам Тамды балалар үйінде, Алға балалар үйінде ержетті. Мен бала болдым, есімді білмедім. Жайсаң балалар үйінде бойжетіп, оң-солымды таныдым. 7-сыныпта оқып жүрген кезімде мені ағам іздеп келіп, бауырларымның бар екенін айтты. Бәрі де жетім өсті, жағдайлары нашар. Мен олардан көмек сұрай алмадым. Әкем 2007 жылы қайтыс болды, анам бәрімізді тастап, басқа адамға тұрмысқа шықты. Танимын, бірақ араласпаймын. Балалары да бар екенін білемін»,- деді ақтөбелік келіншек Орынгүл Оралова.
Жайсаң балалар үйінің түлектері бір-біріне қамқор болып, үнемі көмектесіп тұрады. Алайда олардың бәрі өмірге бейімделмеген.
«Жайсаң балалар үйінде бізге тігінші қосымша мамандығы берілді. Бірақ біз тігін машинасына отырып, іс тігуді үйрене алмадық. Сол күйі колледжді бітіріп шықтық. Кәмелет жасқа толған соң жетім өскен балаларды ешкім қарамайды, шығарып жібереді. Мен сол бір топ қызбен қалаға келдім, пәтер жалдадым. Біз балалар үйінде жүргенде облыс орталығына келмейміз, сондықтан қала ішін білмейміз. Көшеде жүріп газеттен хабарлама іздедік, теледидардың жүгіртпе жолын қалт жібермедік. Колледжді 2010 жылы бітірдім, содан бері Ақтөбе қаласында жүрмін. Бала бақтым, қарияларға күтім жасадым, ыдыс жудым... Осылай жүргенде бір жігітпен таныстым, үш жыл кездесіп, үйленуге шешім қабылдаған едік. Анасы «жетім қыз, той жасағанда оның артынан ешкім келмейді, құда-құдағиымыз болмайды» деп бас тартты. Содан жүкті болып, қызымды босандым. Қазір үш жаста. Өзімнің жанымнан қалдырмаймын. «Балалар үйінің қыздары адам сияқты емес» деген сөзді жиі естиміз»,- деді О.Оралова.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында «Малика» дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр. Қазір мұнда 18 қыз-келіншек балаларымен тұрады.
Орталық директоры Гүлбадан Дауыттың айтуынша, күйеуінен зәбір көргендер мен үйсіз қалғандардың бәрі осы жерді паналайды. Олар 6 ай орталықта тұра алады. Егер көмекке әлі де мұқтажбын деп есептесе - келісімшарт ұзартылады.
«Бізге аудандардан қыз-келіншектер көп келеді. Мәселен, тұрмысқа шығып, балалы болған жас келіншек бар. Баласы туа бітті сал ауруына шалдыққан. Айтуынша, күйеуі мен қайын атасы «балаң мүгедек» деп үйден қуып шыққан. Тағдыры қиын адамдардың бәрі Ішкі істер органдарынан, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен, әкімдіктен естіп келеді. Олармен психолог сөйлесіп, балалары балабақшаға, мектепке орналастырылады, өздері жұмыс істейді. Бәрі жұмысқа арналасты. Тамақтану, тұру - тегін. Медициналық қызметкерлер бар, күні-түні кезекшілік қойылған»,- деді директоры Гүлбадан Дауыт.
Орталықтың көрсеткен психологиялық көмегінен кейін кейбір жас отбасылар татуласып жатқанын айта кету керек.