ТКШ-нің дамуы - басым бағыт -Павлодар әкімінің халық алдындағы есебі
Сессия жұмысына Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Б.Жоламанов Павлодар қаласының 2010 жылдағы даму қорытындылары туралы хабарлап, алдағы даму болашағын анықтап берді. Жергілікті атқарушы органдар жұмыстарының басты бағыты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында болмақ. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша әуежай аумағындағы магистральды су құбырының құрылысы аяқталып, қаладағы Усольск шағынауданы мен Кенжекөл ауылындағы электр жеткізу желілерінің құрылысы жүріп жатыр.
Биылғы жылы жаңадан үш тұрғын үйді, әлеуметтік нысандар қатарына жататын Кенжекөл ауылы мен Ленин кентіндегі дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Б.Жоламанов шағынаудандардың тұрғындары мен кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді. Балалар алаңын салу, аулаларды жөндеуден өткізу, жеке құрылыстарды жылу желілеріне қосу туралы ұсыныс-тілектер айтылды.
Павлодар қаласының жергілікті атқарушы органдары атқарған жұмысқа баға бере келе өңір басшысы Б.Сағынтаев қаланы дамыту мен шағын және орта кәсіпкерлікті нығайту керек екендігін атап өтті.