Тікұшақпен кетіп, қайықпен оралды: Жас босанған әйелі мен қызын қарсы алған құтқарушы көпшілікті тәнті етті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбелік өрт сөндіруші-құтқарушы Асқар Құсаинов төтенше жағдай кезінде әке атанды. Ол Құрман ауылындағы өзен жағасын бекіту жұмыстарында жүргенде келіншегі тікұшақпен қалаға жеткізіліп, босанған соң көлікпен, кейін қайықпен үйіне оралды.

отбасы
Фото: видеодан алынған кадр

Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы № 18 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Асқар Құсаинов тасқын кезінде әке атанды.

отбасы
Фото: Асқар Құсаиновтың жеке мұрағатынан

Ол 30 наурыздан бастап күшейтілген тәртіпте жұмысқа көшіп, аудан орталығы маңындағы Құрман ауылына шұғыл кетіп қалған. 

Бұл жақта су бөгеу жұмыстарын жүргізді. Тіпті байланыс аясынан тыс болды. 

Асқар Құсаинов
Фото: Асқар Құсаиновтың жеке мұрағатынан

— Ол кезде Ойыл ауданында жан-жақтың бәрінен суға кетіп жатты. Құрман ауылында жүрген соң отбасыммен байланысқа шыға алмадым, жүкті келіншегімді шығарып салуға мүмкіндігім болмады. Сөйтіп екі күн бойы хабарсыз жүрдім. Ауданға қайтып келгенде ғана оны тікұшақпен алып кеткенін білдім. Ол 4-сәуір күні босанған. 04.04.2024. Жақсы датада босанды. Содан 8-сәуір күні перзентханадан шығарып алды. Өзім жұмыста болған соң қалаға да бара алмадым. Ойылға көлікпен жетті, ал өзен арқылы қайықпен жүріп өттік. Себебі ауданға кіреберіс жол, көпір жоқ. Арғы бетке барып, келіншегімді, қызымды күтіп алдым. Қызымызды үйге әкеліп, қолымызға алдық. Есімін Дана деп қойдым. Ер бала болса Тасқын деп қоятын едім. Қызым қиыншылық уақытта даналығымен, даралығымен ерекшеленсін деп Дана деп қойдым. Бұл біздің екінші бөпеміз. Келіншегім студент. Биыл дипломын қорғауға барады. Оқып та, келін болып, ана атанып та үлгеріп жатыр, — деді Асқар Құсаинов. 

Ол бұған дейін Ақтөбе қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеген. Бірер жыл бұрын Ойылға ауысты. Қазір № 18 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы. 

Асқар Құсаинов
Фото: Асқар Құсаиновтың жеке мұрағатынан

— Тасқын кезінде бөлім қызметкерлері Қаратал, Екпетал, Жаңабаз, Амангелді, Құрман ауылдарына бөлініп-бөлініп кетті. Сол кезде мен Құрман, Амангелді ауылдарында бөгет жасап, халыққа көмектестім. Бұл екі ауылға да су кірмеді. Дегенмен тұрғындары алдын ала эвакуацияланып, орталыққа жеткізілді. Тілегім — еліміз аман, жұртымыз тыныш болса. Өрт, су табиғи апат, тізсіз жау деп айтады. Елімізді қиын-қыстау заманға салмаса, көлденеңнен келетін апаттан сақтаса дейміз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болса екен деймін, — деді өрт сөндіруші-құтқарушы.

Асқар Құсаинов
Фото: Асқар Құсаиновтың жеке мұрағатынан
Асқар Құсаинов
Фото: Асқар Құсаиновтың жеке мұрағатынан