Тіл – достықтың алтын көпірі - Милана Тарасова

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тіл – достықтың алтын көпірі, қасиетті ұғым. Әр азамат мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті. Елімізді әлемге таныту үшін тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысу – борышымыз.

қазақ тілі
Фото: "Қоғамдық даму" ММ

Бұл туралы Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» ММ-нің «Мәміле» мемлекеттік тілді меңгеру клубының жетекшісі Милана Тарасова айтты.

қазақ тілі
Фото: "Қоғамдық даму" ММ

Бүгінгі күні Милана Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы университетінің 4 курс студенті, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ол негізгі оқуынан бөлек, облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанындағы Мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының «Мәміле» мемлекеттік тілді меңгеру клубына жетекшілік етеді. Оның қазақ тіліне деген махабаты өмірін өзгертіп, мақсатына жетелеген.

«Жастайымнан мұғалім болуды армандадым. Мектепте оқып жүргенімде өзімнің сыныптастарыма қазақ тілінен көмектесіп, үйреттім. Қазақ тіліне деген махабатым ерекше болды. Сол арман мен тілге деген махабатым мені адастырмай, педагогика саласына алып келді. Осы мақсатта Көкшетауда жоғары оқу орнына «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түстім. Қазіргі кезде, университеттегі оқуымнан бөлек, «Қоғамдық келісім» мекемесінің жанындағы Мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығында «Мәміле» мемлекеттік тілді меңгеру клубына жетекшілік етемін. Онда өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілде сабақ беремін. Тіл – достықтың алтын көпірі, қасиетті ұғым. Әр азамат мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті деп есептеймін. Ал елімізді әлемге таныту үшін тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысу – ол біздің борышымыз», - дейді Милана Тарасова.

қазақ тілі
Фото: "Қоғамдық даму" ММ

«Мәміле» мемлекеттік тілді меңгеру клубы өз жұмысын бір жылдан астам уақыт бұрын бастаған, осы қысқа уақыттың ішінде түрлі этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесіп келеді. Әр аптаның сенбі күні өткізіліп тұратын сабақтар тілдік кедергіні, екпінді жоюға, сөздік қорын кеңейтуге, сөйлеуді дамытуға ықпал ететін әртүрлі жаттығулар мен тапсырмаларды қамтиды. Милананың мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі ең алдымен тыңдаушылардың ауызекі сөйлеуін дамытуға, қазақ халқының әдеп-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, менталитеті мен құндылықтар жүйесін білу призмасы арқылы қазақ тілін үйренуге бағытталған.

«Клуб ашқандағы мақсатымыз – мемлекеттік тілді ілгерілету, дамыту, коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру, тіл үйренушілердің ауызекі сөйлеуін жетілдіру. Әртүрлі жастағы тыңдаушылармен әртүрлі форматтағы диалогтар жасаймыз. Қазіргі уақытта 70 тындаушымыз бар, қазақ тілін үйренгісі келетіндер саны күн санап артып келеді. Кейбір шәкірттерім жұмыста және күнделікті өмірде мемлекеттік тілде еркін сөйлеуге мүмкіндік беретін деңгейге жетті. Біздің клубта қазақ тілінде сөйлейтіндердің санын арттыруға бағытталған жұмыс жалғасуда, - деп қосты Милана Анатольевна.

қазақ тілі
Фото: "Қоғамдық даму" ММ

Осы күні Милананың шәкірттері облыстық, республикалық байқауларда жүлде алып жүр. Соның бірі Мауль Глеб республикалық «Мыңбұлақ» байқуында 1-ші орын алса, Надежда Сидорович «Қазақша сөйле» акциясының жеңімпазы атанды. Ал Юлия Суровицкая өңірлік қазақ тілді іс-шараларда шешендік танытуда.

Сонымен бірге, Милана Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қоғамдық жұмыстарына да атсалысып келеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында мамыр мерекелері қалай өтетінін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар