ТМД-да ең көп СО2 шығаратын Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жете ала ма

ТМД мемлекеттері ішінде Қазақстан көмірқышқыл газын көп шығаратын ел екені анықталды. Мамандар дабыл қаққанымен, жағдай реттелмей отыр, үш жыл бұрын да осындай антирейтингте көш бастап тұрған едік. Содан мәселені шешу үшін көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекіттік. Алайда, елдегі қабылданып жатқан шараларға отандық экологтардың көңілі толмай отыр. Ал құзырлы министрлік жоспар құрып, стратегиядағы көрсеткішке жетуге көмектесетін жобаларға инвесторлар іздеп жатыр. Былтыр ақпанның 2-сі қабылданған стратегия қалай орындалып жатыр? Толығырақ Kazinform тілшісінің материалынан оқыңыз.

экология
Коллаж: Kazinform / DALL-E

Еуразиялық даму банкі сарапшыларының айтуынша, кейбір елде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу құны 10 миллиард доллардан 6,5 триллион долларға дейін жетеді. Қазақстанға да қомақты қаражат қажет.

Әлемдегі ластаушы қалалар

Ашық деректерге сүйенсек, Сеул, Гуанчжоу, Нью-Йорк, Гонконг және Лос-Анджелес – көмірқышқыл газын шығаратын «басты орталықтар». Жыл сайын олардың әрқайсы 150 млн тоннадан астам СО2 шығарады. Негізгі көздері – өнеркәсіп мекемелері, көлік және ауыл шаруашылығы, оның ішінде ормандарды кесіп, аумақтарды егістік жерлерге айналдыру.

ТМД-дағы ластаушы елдер – Қазақстан бірінші орында

Әлем елдері «жасыл», төмен көміртекті даму жолымен келе жатыр, Еуразиялық аймақ елдері де бұдан тыс қалмақ емес. Бұл ретте олардың алар асуы әлі алда екені анық. Еуразиялық даму банкі сарапшыларының мәліметінше, 2021 жылы орта есеппен бір адамға шаққанда өңірдегі көмірқышқыл газы шығарындылары 9,9 тоннаны құрады. Бұл дүние жүзіндегі орташа көрсеткіштен екі есе дерлік (4,7) жоғары. ТМД бойынша ең жоғары көрсеткіш Қазақстан мен Ресейде тіркелді. Аймақ елдері арасында ең төменгі мәндер Қырғызстан (1,4) мен Тәжікстанда (1,1).

ТМД экология
Инфографика: Kazinform

 

СО2-нің несі бар, ол неге зиян?

Көмірқышқыл газы – өсімдіктердің тіршілік процесіндегі негізгі элементінің бірі. Олар СО2 сіңіреді, оны өңдейді және атмосфераға оттегі шығарады. Бірақ егер көмірқышқыл газы тым көп болса, ол планетадан күн сәулесінің қайта шағылуына кедергі жасап, Жердің жылынуына, аномалды құбылыстарға алып келеді. Мұз еріп, климат пен флора-фаунаның құрамы өзгереді.

Көміртегі бейтараптығы дегеніміз не?

Бұл – атмосфераға шығатын СО2 шығарындыларының мөлшерін мұхит, теңіздер, жасыл желектер өңдей алатындай деңгейге жеткізу. Кейбір компания көміртегі бейтараптығына өндіріс процесін өзгерту, әртүрлі жасыл технологияларды енгізу, баламалы энергия объектілерін салу арқылы қол жеткізеді. Басқалары қоршаған ортаны қорғау ұйымдарымен бірлесе отырып, жағымсыз әсерлердің орнын толтыру мақсатында жасыл желектер отырғызуда.

Сондай-ақ, киім шығаратын брендтер, көлік компаниялары және бөлшек саудагерлер де көміртегі бейтараптығына үлес қосып жатыр. Олар экологиялық бағыттағы әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы қоршаған ортаға шығатын көмірқышқыл газын азайтуға тырысуда. Бұл ағаш отырғызу, орманды қорғау науқандары, ауыл шаруашылығын оңтайландыру жобалары, жасыл немесе қалдықсыз өндіріске инвестициялар болуы мүмкін. Киім брендтерінің арасында көміртегі бейтараптығы туралы келісімге қол қойған компаниялар көп.

Көміртегі бейтараптығы – климат өзгеруі проблемасын шешу жолы

Дүние жүзінде көптеген ел қалдықтарды азайтып, түрлі шара қабылдап жатыр. Алайда, өкінішке қарай, барлық компания мен елдер бұл бағытта жұмыс істеуге дайын емес. Дегенмен, прогресс бар.

БҰҰ-ның климаттық саммитінде әлемнің 66 елі 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттенді. Құжатқа 2019 жылдың 23 қыркүйегінде қол қойылды. Мемлекеттерден басқа міндеттемеге 10 облыс, 102 қала, 93 компания және 12 инвестор қол қойды. Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі 19 қаланың мэрі 2050 жылға қарай көмірқышқыл газынан бейтарап болатынын мәлімдеді.

Қай қалалар көш бастап келеді?

Иә, көміртегі бейтараптығына көшуде кей қала басқаларға қарағанда озық. Соларға қысқа тоқталайық.

Сан-Франциско. Америкалық қала парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жеке жобасын жүзеге асырып жатыр. Сан-Франциско басшылығы қаланы көміртекті бейтарап ету туралы шешім қабылдады. Бүгінде қала тұрғындары бірте-бірте жаңартылатын энергия көздеріне көшіп, мүмкіндігінше көлік емес, велосипед теуіп, ағаш отырғызып жатыр. Қазірдің өзінде нәтиже бар – 2016 жылы Сан-Францискода СО2 шығарындыларының деңгейі 1990 жылмен салыстырғанда үштен бірге қысқарды. Ал 2050 жылға қарай қала басшылығы көміртегіні бейтарап етуге уәде беріп отыр.

Копенгаген. Көміртегіні бейтараптандыру жоспарын жүзеге асыратын тағы бір ірі қала. Копенгаген 2025 жылға дейін бейтарап болуды жоспарлап отыр. Осы уақыт ішінде күн және жел электр станцияларын салу, коммуналдық қызметтерге смарт технологияларды енгізу және көліктер санын азайту көзделген.

Хельсинки. Финляндия астанасы 2035 жылға қарай көміртекті бейтарап қалаға айналуды көздейді. Билік 143 тармақтан тұратын ауқымды жоспар әзірледі. Оған жасыл энергияны пайдалану, көліктер санын азайту, велосипед пен жаяу жүруді насихаттау кіреді. Финдер де ескі ғимараттарды жаңғырту арқылы жылу энергиясын тұтынуды азайтпақ. Бұл елдің басшылығы іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерді сатуға тыйым салып, көлік компанияларына тек электромобиль сатуға рұқсат беру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Қазақстанның 2060 жылға дейінгі стратегиясы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 2 ақпанда «көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітті». Мемлекет басшысы бұл мәселе туралы бірнеше рет айтты.

Қалдықтарды болдырмау мақсатында кәсіпорындар мен экономикаға түбегейлі өзгерістер енгізу қажет. Ол үшін біз көміртегінің үлесі төмен болатын дамудың ұзақмерзімді стратегиясын дайындап жатырмыз... – деп Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында көміртегі бейтараптығы стратегиясының мүмкіндіктері туралы пікір білдірді.

Стратегиялық құжаттағы деректерге сүйенсек, энергетика секторы – Қазақстандағы парниктік газ (бұдан әрі – ПГ) шығарындыларының ең ірі көзі. 2020 жылы Қазақстандағы барлық жылдық ПГ шығарындыларының 77,6 %-ы (272,5 млн тонна СО2-эквивалент) энергетика секторына тиесілі болды, бұл қазба отындардың кеңінен пайдаланылуына байланысты болып отыр.

«Бұл міндет жеткілікті деңгейде атқарылып жатқан жоқ»

Міне, құжаттың қабылданғанына бір жыл болды. Бүгінде оны орындау, жалпы көміртегі бейтараптығына жету жұмыстарына экологтардың көңілі тола ма? Мамандардан сұрадық.

Иә, Қазақстанда көміртектік бейтараптық стратегиясы қабылданды. Экономиканың әртүрлі саласында барынша көмірдің үлесін азайту, сондай-ақ ағаш санын көбейту, жасыл желектерді сақтау, табиғи шешімдерге барынша екпін түсіру керек. Қазір бұл міндет жеткілікті деңгейде атқарылып жатқан жоқ.

Лаура Мәлікова
Фото: Лаура Мәлікованың жеке мұрағатынан

 

Біз кезінде 2017 жылы Астананы газдандыру жұмысын бастадық. Сол арқылы 2018 жылдан бастап Сарыарқа газ құбыры салынып, бүгінде Теміртау, Жезқазған, Қарағанды, Астана қалалары осы газ құбырына қосылды. Газ - көмірмен салыстырғанда ең таза энергия көзі. Сонымен бірге газға көшкенде ауаға көмір жаққанда шығатын қатты бөлшектер, күкірт оксиді шықпайды. Солай ауа әлдеқайда таза болады. Ал Алматыға келер болсақ, қазір көмірден газға көшудің техникалық жобасы жасалды. Алайда жүзеге асырылуы жылдан-жылға созылып келеді. Сондай-ақ, Өскемен, Семей, Петропавл қалаларында әлі күнге дейін көмір қолданылады және Екібастұз ГРЭС-інде де көмір пайдаланылады. Жалпы еліміз электрэнергияның 70 пайызға жуығын көмірден алады. Сондықтан осы бағытта үлкен жұмыстар жүргізілуі керек. Алдағы 10-15 жылға дейін энергетикамызда газ негізгі энергия көзіне айналуы керек. Сондықтан ішкі нарықта газ қолдануды барынша қолға алу маңызды, ал осы уақытта қосымша баламалы энергия көздері объектілерін көбейту керек – деді Орталық Азия экологтарының атынан БҰҰ-ның 2019 жылғы климаттық саммитінде табиғи шешімдердің интеграциялануы жайлы үндеу тастаған Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Мәлікова.

Сондай-ақ, бұл мәселені шешуге Экология және табиғи ресурстар министрлігі уәкілетті ведомство екенін ескеріп, оларға да сауал жолдадық.

... Стратегия шеңберінде 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%-ға азайту, ал қосымша халықаралық инвестициялар, төмен көміртекті технологияларды тасымалдау механизмі, Жасыл климаттық қор және өтпелі экономикасы бар елдер үшін икемді механизм болған жағдайда 2030 жылға қарай 1990 жылғы деңгейден 25% азайтуға шартты мақсат қойылды, – деді Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің директоры Сәуле Сәбиева.

экология
Инфографика: Kazinform

 

Министрлік өкілінің айтуынша, қазір шығарындыларды саудалау жүйесі аясында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін министрлік қолданыстағы Ұлттық көміртегі квотасы жоспарын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ол жоспарда қысқарту қарқыны 2,25-5,1% деп көрсетілген еді. Осылайша, жыл сайынғы төмендеу қарқынымен еркін көміртегі квотасын бөлуді кезең-кезеңімен қысқарту жоспарланған.

Сонымен қатар, министрлік белсенді түрде инвестициялық серіктестер іздеп жатыр. Қазір төмен көміртекті технологияларды енгізу мүмкіндігі бойынша франциялық Vicat компаниясымен ынтымақтастық орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа су электр станцияларының құрылысына Record Energy Transition қоры да қызығушылық танытқан.

Бәрі ақшаға келіп тіреліп тұр...

Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауынша, Қазақстанның мұнай-газ секторының метанды азайту әлеуетін толық пайдалану үшін 2030 жылға қарай жалпы инвестициялық қажеттілік шамамен 1,4 миллиард долларды құрайды. Сондай-ақ, Сәуле Сәбиеваның айтуынша, Қазақстан мен Жапонияның бірлескен несиелеу механизмі аясында парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін ірі эмитенттік компанияларда жапон технологиясы енгізілетін бірлескен жобалар жүзеге асырылады.

Сәуле Сәбиева
Фото: Сәуле Сәбиеваның жеке мұрағатынан

 

Жоғарыда көрсетілген мақсаттарға жету төмен көміртекті дамуды қолдайтын және көміртегі бейтараптығына қол жеткізетін төмен көміртекті технологияларға таза инвестиция 610,0 млрд АҚШ доллары деңгейінде бағаланады – бұл жалпы негізгі капиталдың 19,6%. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Климатты өзгерту жөніндегі тараптардың 28-конференциясында Қазақстан метан бойынша жаһандық міндеттемеге қосылды, оның аясында метан шығарындыларын азайтуға күш салады. Осы мақсатқа жету үшін министрлік салалар бойынша нақты жобаларға инвестиция тартудың жол картасын әзірледі, – деп атап өтті департамент директоры.

Ал, эколог Лаура Мәлікова Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізе алады, тек елдегі жалпы атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз деп санайды.

Табиғи шешімдерге келер болсақ, бізде мемлекеттік деңгейде қабылданатын 5 жылдық Ұлттық деңгейде белгіленген жарналар (ОНУВ - Определяемые на национальном уровне вклады –– ред.) деген құжат бар. Сонда әлі күнге дейін табиғи шешімдер интеграцияланбаған. Орман, жасыл желектердің отырғызылуы, өзен-көлдерді сақтау, өртті болдырмау, көміртегі көп жиналған жерлерді сақтау бойынша іс-шаралар қарастырылмаған. Сондықтан атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз, климат бойынша ұлттық бесжылдық жобаға табиғи шешімдерді енгізу қажет, – деп атап өтті Лаура Мәлікова.

Көмірқышқыл газын көп бөлетін кәсіпорындар не істеп жатыр?

Көмірқышқыл газын көп бөлетін энергетика секторындағы компаниялардың жауапкершілігін күшейтудің маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмыс заң нормасымен – жаңа Экологиялық кодекспен реттелді.

Елдегі компанияларға келетін болсақ, 2021 жылғы 1 шілдеде жаңа Экологиялық кодекс күшіне енді. Соған сәйкес, 2025 жылдан бастап ең ірі деген 50 мекеме жасыл технологияларды енгізуге міндетті. Енгізбеген жағдайда салық деңгейі екі есе, содан кейін төрт, сегіз есеге көбейе береді. Сонымен қатар, бізде рұқсат қағазсыз жұмыс істегені үшін, ремидиация жүргізбегені үшін айыппұлдың мөлшері тұрақты емес. Ол тапқан табысына байланысты есептеледі. Сондықтан бұл жерде нақты мекемелерді барынша шығындарды азайтуға ынталандыратын нормалар мен механизмдер қарастырылған. Сол нормалар мен механизмдердің жүзеге асырылуын Экология министрлігі қадағалауы керек, – деді эколог.

АЭС көмірқышқыл газын азайтуға көмектесе ме?

Атом электр станциясы көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге көмектесе ала ма? Бұл мәселеге қатысты экологтың пікірін сұрадық.

Ауаға шығатын көмірқышқыл газы бойынша АЭС таза болып есептеледі. Себебі АЭС-тен ауаға ешқандай ластаушы заттар шықпайды. Сондықтан бұл тұстан қарасақ, АЭС құрылысы көміртегі бейтараптығы стратегиямызға, сондай-ақ, біздің Париж келісімі аясында алған міндеттемелерімізге сәйкес болуы мүмкін. Дегенмен, АЭС құрылысындағы бір мәселе – радиациялық қалдықтар. Қандай да бір апат болса, ЖЭС-термен салыстырғанда оның салдары ауыр болады.

Сондықтан бұл жоба ауаға шығатын ластаушы заттарға қатысты айтсақ, тиімді болуы мүмкін, бірақ жалпы Қазақстан үшін алдымен жемқорлықты жеңіп алу керек. Содан кейін әр мемлекеттік органда өзінің кәсіби мамандарын қамтамасыз ету қажет. Осындай алғышарттарын орындау маңызды. Жалпы көмірден газға ауысу және ағашты көптеп отырғызу арқылы көміртегі бейтараптығына ұмтылудың маңызы зор, – деп түйіндеді Лаура Мәлікова.

Айтқандай, сенаторлар 2024 жылғы 18 қаңтарда «Қазақстан мен Франция үкіметінің арасындағы жаһандық жылынуға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру туралы арнайы келісімді» ратификациялады. Келісім аясында ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Осылайша, келісім Жамбыл облысы Мирный ауылында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын гибридті электр станциясын іске асыруды, әзірлеуді, салуды және пайдалануды көздейтін Мирный жобасын жүзеге асыруды көздейді.

Бұл жобаны жүзеге асыру жаңартылатын энергетика секторын дамытуды жалғастыруға, нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, көмірқышқыл газының жыл сайынғы шығарындыларын кемінде 2 миллион тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.

Қорыта айтсақ, елімізде мұндай жобалар жыл сайын көбейіп жатыр. Олардың бәрі – көміртегі бейтараптығына жетуге жасалатын шағын қадамдар.

Дегенмен, экологтардың ескертуін естен шығармай, қабылданған стратегияның орындалуын әрдайым бақылау керек. Инвесторларды белсенді тартудың маңызын да ұмытпаған жөн.

Соңғы жаңалықтар