ТМД елдерінде қандай қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары бар

АСТАНА. KAZINFORM — ТМД елдерінің көпшілігінде азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуына мүмкіндік беретін тетіктер көбейіп келеді. Оларға субсидиялау бағдарламалары, жеңілдетілген ипотекалық несие беру және әлеуметтік қолдау шаралары кіреді. Өңірдегі қолжетімді баспана бағдарламалары туралы Kazinform агенттігі тілшісі әзірлеген материалда айтылады.

От молодежи до ветеранов: кто может получить доступное жилье в странах СНГ
Коллаж: Kazinform / Freepik

Қолжетімді тұрғын үй әлеуметтік және экономикалық маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек. Мемлекет азаматтарының жеңілдетілген шарттармен өз баспанасына қол жеткізуі үшін түрлі қолдау бағдарламаларын жүзеге асырады.

ТМД елдерінде қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету тәсілі және мақсаты ұқсас — табысы төмен азаматтарды, жас отбасыларды және әлеуметтік осал топтарды қолдау. Алайда мемлекеттік бағдарламалар мен оларға қатысу шарттарында айырмашылық бар.

Қазақстандағы төмен пайыздық мөлшерлемелер

Қазақстанда азаматтарға жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін бірнеше мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Негізгілері — «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары. Бұл бағдарламаларда пайыздық мөлшерлеме тиісінше 2% және 5%, бастапқы жарна 10%-дан басталады, несие мерзімі 20 жылға дейін.

«2-10-20» бағдарламасы әлеуметтік осал топтарға арналған: оны мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қолдана алады. Қалған кезекте тұрған азаматтарға «5-10-20» бағдарламасы бар.

Ал «Отау» және «Наурыз» тұрғындар арасында танымал ипотекалық бағдарламалар болып есептеледі. Олар арқылы тұрғын үй сатып алу немесе жөндеу үшін 19 жылға дейін несие алуға болады. Бастапқы жарна — 10-20%, ал несиенің максималды сомасы — Алматы мен Астана тұрғындары үшін 36 млн теңге, басқа өңірлер үшін 30 млн теңге. Кей әлеуметтік санат үшін пайыздық мөлшерлеме 7% дейін төмендеуі мүмкін, ал бөліп төлегеннен кейін 3,5-5% дейін азаяды.

Астана
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

2025 жылы «Ұмай» және «Жасыл ипотека» атты жаңа бағдарламалар іске қосылды. «Ұмай» бағдарламасы әйелдерге арналған және бастапқы жарна минимумы 15% құрайды.

«Жасыл ипотека» энергия үнемдейтін тұрғын үйді сатып алушыларға арналған. Бастапқы жарна 20-50% аралығында, несие мерзімі — 25 жылға дейін.

Бағдарламаға қатысу үшін Otbasybank.kz порталы арқылы өтінішті онлайн түрде беру керек.

Өзбекстанда тұрғын үй сатып алу үшін берілетін субсидиялар

Өзбекстанда азаматтарға тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесетін мемлекеттік ипотекалық субсидиялау бағдарламасы бар. Мемлекет бастапқы жарнаның бір бөлігін немесе несие бойынша пайыздық мөлшерлемені жабуға көмектеседі, бұл табысы аз отбасылар үшін үлкен көмек. Бағдарламаның жүзеге асырылуы мемлекеттік органдардың бақылауында, сондықтан қолдау нақты тиісті адамдарға ғана көрсетіледі.

Ташкент, Узбекистан
Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

Субсидияны өз баспанасы жоқ отбасылар, 30 жасқа дейінгі жас отбасылар, әлеуметтік сала қызметкерлері, қиын жағдайдағы әйелдер, елге оралған еңбек мигранттары, мүгедек жандар ала алады.

Мемлекет қолдауы екі түрде: бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу және ипотекалық кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету бойынша көрсетіледі. Нәтижесінде тұрғын үй салыстырмалы түрде кірісі өте төмендерге де қолжетімді болады.

Өтінішті my.gov.uz порталы арқылы онлайн немесе мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарында беруге болады.

Ресейдегі арктикалық және ауылдық ипотека

2030 жылдың соңына дейін Ресейде бес негізгі жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жұмыс істемек. Олардың әрқайсысы мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын көрсетеді. Жеңілдіктер отбасылар мен IT мамандарын қолдауға, Қиыр Шығыс, Арктика және ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған.

Ресей
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Отбасылық ипотека: пайыздық мөлшерлемесі 6% басталады, 6 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған. Ана капиталын пайдалануға болады, бұл жас отбасыларға жаңа және екінші нарықтағы тұрғын үйді қолжетімді етеді.

IT-ипотека: саланың мамандарына қолдау көрсетуді мақсат еткен. 9 млн рубльге дейін несие беріледі. Технологиялық сектордың дамуын ынталандырады және негізгі компанияларда кадрларды ұстап қалуға көмектеседі.

Қиыр Шығыс және Арктика ипотекасы: пайыздық мөлшерлемесі — 2%, стратегиялық маңызды аймақтарға қоныс аударып, жұмыс істеуді ынталандырады.

Ауылдық ипотека: пайыздық мөлшерлемесі — 3%, шағын қалалар мен ауылдық жерлерде тұратындарға бағытталған. Ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыспен қамтуды қолдайды.

Әскери ипотека: әскери қызметкердің несие бойынша барлық төлемдерін мемлекет толық жабады және бұл ол қызмет ету мерзімі аяқталғанша қолданылады. Бұл бағдарлама әскери қызметшінің кірісі, жасы немесе отбасы жағдайына қарамастан бүкіл ел бойынша қолжетімді.

Барлық бағдарламалар инфляция деңгейінен төмен пайыздық мөлшерлемелерді ұсынып, 2030 жылға дейін әлеуметтік саясаттың маңызды құралы болып отыр. Олар демографиялық өсімді ынталандырады, өңірлерді дамытады және экономикадағы маңызды салаларды қолдайды.

Әзербайжандағы жеңілдетілген несиелер

Әзербайжанда азаматтар мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарта алады, негізгі құрал — Ипотекалық және кредиттік кепілдік қоры арқылы берілетін жеңілдетілген ипотека. 2006 жылдан бері қор жалпы сомасы 3,4 млрд манаттан (шамамен 2 млрд доллар) асатын несие берді, оның басым бөлігі жеңілдетілген займдарға тиесілі. Осылайша, 53 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, олардың басым көпшілігі жас отбасылар.

Азербайджан
Фото: howtomove.help

Мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген ипотеканы жас отбасылар және заңда көрсетілген әлеуметтік топтар ала алады. Берілетін несиенің максималды сомасы 100 мың манат (шамамен 60 мың доллар), бастапқы жарнасы 10% басталып, 30 жылға дейін беріледі.

Пайыздық мөлшерлеме — 4%, мемлекеттік кепіл болған жағдайда 3,7% дейін төмендеуі мүмкін. Бұл тұрақты табысы бар азаматтарға ипотеканы қолжетімді етеді.

Қор қолдаудың қосымша шараларын да ұсынады, оның ішінде: мемлекеттік кепілдіктер, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несие алушыға қаржылық жүктемені азайтатын механизмдер бар.

Арменияда табыс салығы қайтарылады

Арменияда тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру және әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытында кең ауқымды мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Көмек алатындардың қатарында жас отбасылар, әскери қызметшілер, қоныс аударғандар, шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары бар.

Бағдарламаларды іске асыруға коммерциялық банктер белсенді қатысады, ал мемлекет пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялайды, бастапқы төлемді өтеуге көмектеседі, табыс салығын қайтарады. Осының арқасында көптеген санат өкілдері үшін ипотека мөлшерлемесі жылына 0–5% ғана.

Армения
Фото: migrationunion.com

Негізгісі — «Жас отбасыға — қолжетімді баспана» бағдарламасы, ол 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Бағдарлама аясында ипотекалық несие 30 жылға дейін беріледі. Жаңа тұрғын үйден пәтер сатып алған жағдайда төмендетілген пайыздық мөлшерлеме және салық жеңілдіктері ұсынылады.

Әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері қосымша қолдауға ие, оларға ипотеканы пайызсыз алуға мүмкіндік бар.

Елге көшіп келгендер мен шекаралық аймақ тұрғындарына арнайы шарттар қарастырылған. Қоныс аударушыларға пайызсыз және бастапқы жарнасыз тұрғын үй сертификаттары беріледі. Ал шекара маңындағы елді мекен тұрғындарына 21 млн драмға дейін (шамамен 55 мың доллар) тұрғын үй салуға несие беріледі, пайыздық мөлшерлемесі жоқ, қосымша өңірлік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, тұрғын үйді жаңартуға және үй шаруашылықтарының шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін энергиялық тиімділік жөндеу бағдарламасы бар.

Беларусьте несиені өтеуге арналған мемлекеттік қолдау

Беларусьте тұрғын үй құрылысына арналған мемлекеттік қолдау жүйесі жаңартылды. Ол үш негізгі көмекті біріктіреді: жеңілдетілген несиелер, біржолғы субсидиялар және несиелерді өтеуге мемлекеттік қолдау. Бағдарламаларға шамамен 20 түрлі санатқа жататын азаматтар қатыса алады, оның ішінде жас және көпбалалы отбасылар бар, кейбіреулері кезексіз көмек алады.

Беларусь
Фото: domovita.by

Көмек көбінесе шағын елді мекендерде тұрғын үйді салуға және жөндеуге, сондай-ақ жаңа үйден және екінші нарықтан тұрғын үй сатып алуға беріледі. Несие бойынша пайыздық мөлшерлемелер 1-5% аралығында, кейбір санаттарға несие 40 жылға дейін берілуі мүмкін және кей жағдайларда бастапқы жарна қажет емес. Әскери қызметшілерге және басымдықты аймақтарда тұрғын үй салатын азаматтарға арнайы шарттар қарастырылған, бірақ олар сол жерде кемінде 10 жыл тұруы және жұмыс істеуі тиіс.

Тұрғын үйді салу және пайдалануға беру рәсімдері жеңілдетілген, бұл қауіпсіздік және техникалық нормаларды сақтаған жағдайда бюрократиялық жүктемені азайтады. Мұндай жүйе баласы бар отбасыларға, әскери қызметшілерге және басқа да әлеуметтік маңызды топтарға тұрғын үйді қолжетімді етеді.

Қырғызстандағы әлеуметтік ипотека

Қырғызстанда азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған «Менин үйүм — 2024–2030» атты мемлекеттік ипотекалық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаға 18 жастан асқан, кемінде екі жыл жұмыс өтілі немесе кәсіпкерлік тәжірибесі бар, өз баспанасы жоқ және соңғы үш жылда жылжымайтын мүлікпен операция жасамаған адам қатыса алады. Өтініш беру кезінде несие алушының төлеуге қабілеттілігі ескеріледі.

Қырғызстанда парламент сайлауы алдындағы «тыныштық күні» басталды
Фото: Қырғыз президентінің баспасөз қызметі

Бағдарлама арқылы үш түрлі ипотека беріледі. Соның ішінде әлеуметтік және жеңілдетілген ипотека — екеуі де жылдық 4% ставкамен, 25 жылға дейін және бастапқы жарнасыз, ал қолжетімді ипотека 8% ставкамен беріледі, бастапқы жарнасы 20% басталады.

Әлеуметтік ипотека көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға, қамқоршыларға, үйі жоқ жесірлерге және ауылдық жердегі жас мамандарға бағытталған. Жеңілдетілген ипотека мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған. Қолжетімді ипотека жалпы шартпен тұрғын үй сатып алатын азаматтарға арналған.

Өтініштер Мемлекеттік ипотекалық компания порталы арқылы онлайн қабылданады және бірнеше күн ішінде тексеріледі. Табысы «Тундук» жүйесі арқылы расталады, ал мемлекеттік қызметкерлер үшін қосымша салық жеңілдіктері қарастырылған.

Тәжікстандағы әлеуметтік жалдау арқылы берілетін тұрғын үй

Тәжікстанда мемлекет тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды әлеуметтік жалдау жүйесі арқылы қолдайды. Мұндай тұрғын үй меншікке өтпей, пайдалану үшін беріледі және ресми түрде мұқтаж деп танылған, сол елді мекенде тұрақты тұратын немесе жұмыс істейтін адамдарға арналған.

Берілетін пәтердің көлемін жергілікті билік белгілейді, бірақ әр адамға кемінде 12 м² болуы тиіс. Тұрғын үй алу кезегіне тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша тұруға болады, ал берілген өтініш бір ай ішінде қаралады.

Тәжікстан
Фото: livejournal.com

Белгілі бір санаттағы азаматтар әлеуметтік тұрғын үйді кезексіз алу құқығына ие. Оларға ардагерлер, жетімдер, мүгедек балалары бар отбасылар, үш немесе одан көп баласы бар аналар, табиғи апаттан зардап шеккендер, сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері жатады.

Тұрғын үйге орналастыруда қолайлылық пен қауіпсіздік талаптары ескеріледі. Мысалы, жеті жастан асқан әр түрлі жыныстағы балалар, ерлі-зайыптыларды қоспағанда, бір бөлмеге орналастырылмайды, ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға төменгі қабаттан пәтер немесе лифтімен жабдықталған үйлер ұсынылады.

Әлеуметтік жалдау шарты тұрғын үйді шектеусіз пайдалану құқығын береді, ал егер ғимарат бұзылса немесе апаттық деп танылса, тұрғындарға жаңа пәтер беріледі.

Молдовадағы несие бойынша өтемақылар

Молдовада азаматтарға тұрғын үй алуға көмектесетін «Бірінші үй» атты мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Бағдарлама мемлекеттік кепілдік арқылы банктер үшін қаржылық тәуекелдерді азайтып, жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемелер, қарапайым рәсімдер және минималды әкімшілік талаптар арқылы ипотеканы қолжетімді етеді. Негізгі өтініштер ресми портал арқылы онлайн қабылданады.

Молдова
Фото: idntimes.com

Бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылады:

«Бірінші үй 1» — 18-45 жас аралығындағы, соңғы бір жылда өз тұрғын үйі болмаған азаматтарға арналған. Несие мерзімі 25 жылға дейін, бастапқы жарна -10%, мемлекет несие сомасының 50% дейін кепілдік беріледі.

«Бірінші үй 2» — мемлекеттік қызметкерлерге арналған, қызметін белсенді жалғастырған жағдайда несиенің 50% дейін өтемақы береді.

«Бірінші үй 3» — балалы отбасыларға бағытталған, мемлекет бала санына байланысты несиенің 10%-100% дейінгі соманы жабады, ал отбасы тек пайыздарды төлейді.

Осылайша, ТМД елдерінде мұқтаж жандар мен жастарға белсенді қолдау көрсетіліп келеді, алайда әр елдің өз тәсілі бар. Қазақстан мен Ресей төмен пайыздық мөлшерлемелер мен ұзақ мерзімді несиеге басымдық берген. Әзербайжан мен Армения тікелей субсидиялар беріп, салық жеңілдіктерін ұсынады. Беларусь пен Тәжікстан — әлеуметтік жалға беру және жинақтау жүйелеріне, Өзбекстан мен Молдова — несиені өтеу шараларына көңіл бөлген. Дегенмен, барлығының мақсаты бір — адамдарға өз баспанасына қол жеткізу мүмкіндігін беру және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту.

Бұған дейін елімізде мемлекеттік тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және баспана беру тәртібі жаңартылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар