Төбелестен соң екі құлағы естімей қалған ақтөбелік прокуратурадан көмек сұрады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысындағы Байғанин ауданының 26 жастағы тұрғыны Аслан Сәрсенғалиевтің екі құлағы төбелестен соң естімей қалды. Арада 8 ай өткенімен тергеу жұмыстары әлі аяқталмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төбелестен соң екі құлағы естімей қалған ақтөбелік прокуратурадан көмек сұрады

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының тұрғыны Аслан Сәрсенғалиев орта мектепті бітірген соң колледжде білім алды. Кейін мамандығы бойынша жұмыс таппай, сауда орындарында жүк тасушы болып жұмыс істеді.

«Ұлым қаладағы кафелердің біріне барып, кешкі ас ішеді. Жанында таныс қызы болды. Ал көрші үстелде полиция қызметкерлері отырған. Сол аралықта екі жігіт сөзге келіп, кейін ұлым Аслан сыртқа шыққанда тәртіп сақшылары оны ұрып, есінен тандырып тастады. Бізге хабар кеш берілді. Ол облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдады. Бір апта есін білмей жансақтау бөлімінде жатты. Бас-ми жарақатын алған, мұрны сынып. Сол күннен бастап құлағы мүлде естімей қалды. Қазір ол қағазға жазып түсіндіреді. Дауысы да күннен күнге жоғалып бара жатыр. Басы ауырады, дұрыс тамақ іше алмайды»,- деді Қайрат Сәрсенғалиев. Ауыр жараланған Аслан Сәрсенғалиев невролог, көз, құлақ, мұрын қуысы дәрігеріне қаралуы тиіс. Бірақ бұл дәрігерлерге баруға жас жігіттің қаржысы жоқ.
null

«Менің құлағым естімейді. Жақ сүйегімнен ұрған кездес есімнен танып қалып, бірнеше күн жансақтау бөлімінде жаттым. Тергеу аяқталып, іс сотқа жетсе деген тілегім бар»,- деді Аслан Сәрсенғалиев.

Сәрсенғалиевтер прокуратураға арыз түсіріп, көмек сұрады.
null

«Сәрсенғалиевтер бізге сәуір айында арыз жазды. Арыз Ақтөбе облыстық ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасына жолданды. Олар 6 қазанда тағы арыз түсірді. Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары жеке қабылдауын өткізді. Шешім қабылданады», - деді Ақтөбе облысы прокуратурасының аға прокуратурасы Алмат Қалымбетов.