«Тобылдан» кейін «Қайсар» да логотипін жаңартты

АСТАНА. KAZINFORM — Қызылордалық «Қайсар» ресми түрде клубтың логотипін жаңартты. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

«Қайсар» ФК
Фото: «Қайсар» футбол клубы

— Сіздерге жағымды жаңалықты жариялап, клубымыздың логосы жаңа дизайнмен жаңарғанын хабарлаймыз. Жаңарған, жанданған логомызда қасқыр символымыз сақталып, заманауи стиль үйлесім тауып, клубтың рухы, мінезі және болашаққа деген ұмтылысы көрініс тапты. Бұл өзгеріс — даму жолындағы кезекті қадамымыз, — деп жазылған хабарламада.

Биыл команда алдында жүлделі орындардың біріне ілігу және Қазақстан кубогына қол созу міндеті тұр. Сондықтан олар алдымен бас бапкерді ауыстырды. Бұл қызметке қазақстандық маман Андрей Ферапонтов келді.

Команда басшылығы өткен жылғы құрамнан қақпашы Нұрымжан Салайдин, қорғаушы Темірлан Мұрзағалиев пен Әділет Кеңесбек, жартылай қорғаушы Айбол Әбікен мен Думан Нәрзілдаев, шабуылшы Нұрдәулет Ағзамбаевпен келісімшарт мерзімін ұзартты.

Сондай-ақ команда құрамына шетелден жаңадан қақпашы Адам Ковач (Словакия), қорғаушы Никола Цуцкич (Сербия), шабуылшы Томас Джонс (Чили) келді.

Оған қоса қазақстандық қорғаушы Нияз Ыдырысов, жартылай қорғаушы Сағи Совет, шабуылшы Алияр Мұхамед алдағы маусымда қызылордалық клуб сапында ойын көрсетеді.

Команда бүгінде Біріккен Араб әмірлігіндегі оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Онда 13 қаңтарда БАӘ-нің «Аль-Иттифак», 19 қаңтарда Өзбекстанның «Динамо Самарқанд» клубымен жолдастық ойын өткізеді.

Айта кетейік, бұған дейін «Қайсардан» кейін «Қызылжар» клубының жекеменшікке өткенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар