Тоқаев Джорджа Мелониді Италия Үкіметінің тарихи жетістігімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Республикасының Премьер-министрі Джорджа Мелониді оның Үкіметінің Италия тарихындағы ең ұзақ уақыт қызмет атқарған Үкіметке айналуына байланысты құттықтау жолдады.
— Италия Республикасының тарихындағы ең ұзақ уақыт қызмет атқарған Үкіметтің құрылуына байланысты Премьер-Министр Джорджа Мелониге шын жүректен жылы лебізімді білдіремін. Оның парасатты әрі батыл басшылығы, Италияның ұлттық мүдделері мен абыройын қорғауға деген берік ұстанымы ел экономикасының тұрақты дамуына және халықаралық аренадағы беделінің нығаюына ықпал етті. Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыруға ниеттімін. Премьер-министр Мелониге жоғары мемлекеттік қызметінде толағай табыс, ал Италия халқына одан әрі өркендеу мен ілгерілеу тілеймін, — деп жазды Президент Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
My warmest congratulations to Prime Minister @GiorgiaMeloni on her government becoming the longest-serving in the history of the Italian Republic.
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) September 4, 2026
Her wise and strong leadership, steadfast commitment to defending Italy's national interests and dignity have sustained the… pic.twitter.com/vnE9tvyOLq
Айта кетейік, 4 қыркүйекте Джорджа Мелони басқаратын Италия министрлер кабинетінің үздіксіз жұмыс істегеніне 1 413 күн толып, Сильвио Берлусконидің екінші үкіметінің қызмет ету мерзімінен асып түскені белгілі болды. Осылайша Мелони үкіметі Италияда билік басында болу мерзімі бойынша рекорд орнатты.
Джорджа Мелони үкіметі 2022 жылғы 22 қазанда ант қабылдаған. Бұған дейінгі рекорд Сильвио Берлусконидің екінші үкіметіне тиесілі еді. Ол 2001 жылғы маусымнан 2005 жылғы сәуірге дейін, яғни 1 412 күн билік етті.
Еске салсақ, былтыр мамыр айында Италия премьері Қазақстанға ресми сапармен келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониді қарсы алды. Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джорджа Мелони келіссөз жүргізді.
Жалпы елордада өткен «Италия — Қазақстан» іскерлік форумында екі елдің ұйымдары жалпы сомасы 180 миллион еуро болатын 10 меморандумға қол қойды.
Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ең сындарлы көшбасшылардың бірі деп атады.