Тоқаевтың Жапонияға сапары, ЕАДБ болжамы, музыкалық жетістіктер: Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы не жазды

АСТАНА.KAZINFORM — Осы аптада шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан туралы бірнеше рет жазды. Kazinform агенттігі еліміз туралы әлемдік баспасөзге шолу жасап көрді. 

Тоқаевтың Жапонияға сапары, ЕАДБ болжамы, музыкалық жетістіктер: Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы не жазды
Коллаж: Kazinform/ Akorda.kz/ Canva/ thepeninsulaqatar.com

Kyodo News:  Жапония мен Қазақстан саммитінде ресурстар мен энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісім бекітілді.

18 желтоқсанда Токиода Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мұнай мен табиғи газды қоса алғанда, Қазақстанның энергетикалық және минералдық ресурстары саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты, деп хабарлайды жапондық Kyodo News агенттігі.

Келіссөздердің басты нәтижесі — стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылуы болды. Жапон тарапы ресурстарды тұрақты әрі әртараптандырылған түрде жеткізуге мүдделі екенін, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропаны жалғайтын көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға ниетті екенін растады. Осы орайда Токио транзиттің тиімділігін арттыру мақсатында порттардағы кеден қызметтерін ірі көлемді рентгендік тексеру жабдықтарымен қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді, деп жазады басылым.

— Саяси тұрғыдан алғанда, Такаичи Қазақстанды еркін әрі ашық халықаралық тәртіп қағидаттарын қолдайтын стратегиялық әріптес ретінде атап өтіп, Жапонияның ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді. Өз кезегінде Тоқаев Жапонияны Қазақстанның сенімді әрі уақыт сынынан өткен досы деп сипаттады, — делінген мақалада.

The Japan Times: Император Қазақстан Президентін Императорлық сарайда қабылдады
Жапония императоры Нарухито бейсенбі күні Токиодағы Императорлық сарайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдады, деп хабарлайды The Japan Times.

Кездесудің басты тақырыбы су ресурстары мәселесі болды. Бұл бағытқа Нарухито өзінің ғылыми және қоғамдық қызметінде айрықша көңіл бөлгені айтылады. Император былтыр Қазақстанда болған су тасқыны салдарынан келген шығынға көңіл айтып, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мен соған байланысты су тапшылығына алаңдаушылық білдірді.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су проблемаларын шешуге арналған кешенді халықаралық тәсілді әзірлеу жөнінде Біріккен Ұлттар Ұйымына бастама ұсынатынын жеткізді.

Император Нарухито бұл ұстанымды қолдап, көптеген елдер мен сарапшылардың бірлескен жұмысы арқылы ғана қол жеткізуге болатынын баса айтты. 

Кездесу Қазақстан мен Жапония арасындағы диалогтың экологиялық өлшемін айқындап, Қазақстанның трансшекаралық су ресурстары мен Каспий мәселесіне халықаралық деңгейде артып келе жатқан назарын көрсетті, деп жазады The Japan Times.

ТАСС: Қазақстан Новороссийскідегі КҚК-ға шабуылдан кейін айлақ құрылғыларын сатып алуды жеделдетті

Қазақстан Новороссийск қаласындағы теңіз терминалына жасалған шабуылдан кейін Каспий құбыр консорциумының жұмысын қалпына келтіру үшін екі жаңа сыртқы айлақ құрылғысын сатып алу мен жеткізу мерзімін жеделдетті. Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген бұл жабдық бастапқыда сәуір айында жеткізілуі тиіс болған, алайда мерзім қаңтарға ауыстырылды, деп хабарлайды ТАСС.

Министрдің сөзінше, логистиканы жеделдету үшін министрлік пен ұлттық мұнай-газ компаниясы барлық мүмкіндікті шұғыл түрде іске қосқан. Бұл шешім 29 қарашада жасалған шабуылдан кейін қабылданды, соның салдарынан Қазақстан шамамен 480 мың тонна мұнайды жеткізе алмай қалған. ҚР Энергетика министрлігі бұл оқиғаны жол беруге болмайтын жағдай әрі жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіретін оқиға деп бағалады, деп жазады агенттік.

Trend: ЕАДБ 2026 жылдың соңына қарай Қазақстанда базалық мөлшерлеме төмендейтінін болжайды

Еуразиялық даму банкі Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі 2026 жылдың соңына қарай шамамен 14% деңгейіне дейін төмендейтінін болжап отыр. Бұл туралы ЕАДБ талдамалық жұмыс жөніндегі дирекциясының жетекшісі Алексей Кузнецов Алматыда өткен макроэкономикалық болжамның таныстырылымында мәлімдеді, деп жазады Trend.

Банктің бағалауынша, инфляция 2026 жылдың наурыз-сәуір айларында шегіне жеткеннен кейін баяулап, сол жылдың соңына қарай жылдық есеппен 9,7% деңгейіне дейін төмендейді. Қосылған құн салығының 12%-дан 16%-ға дейін өсуі I тоқсанда инфляциялық қысымды күшейтеді, алайда бағаның өсуі ақша-несие саясаты шаралары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерінің өсуін уақытша тоқтату және бағаны ішінара реттеу есебінен тежеледі.

ЕАДБ болжамынша, базалық мөлшерлеме 2026 жылдың II тоқсанына дейін 18% деңгейінде сақталып, одан кейін реттеуші оны кезең-кезеңімен төмендете бастайды, деп жазады басылым.

Синьхуа: Қытай мен Қазақстанның экономикалық аймақтары бірлескен инвестициялық платформа құру жөнінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Үрімжі қаласындағы «Ганьцюаньпу» техникалық-экономикалық даму аймағы мен Қазақстандағы «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы ынтымақтастық жөніндегі негізгі келісімге қол қойды. Құжат халықаралық өзара іс-қимыл паркін және бірыңғай инвестициялық платформаны бірлесіп құруды көздейді, деп хабарлады Синьхуа агенттігі.

Бұл келісім Қытай мен Қазақстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нақты іске асыру деңгейіне көшіруге, сондай-ақ сауда мен инвестицияға арналған жаңа инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. «Ганьцюаньпу» аймағы бұл келісім өнеркәсіптік кооперацияны нығайтып, ресурстарды бірлесіп пайдалануға және экономикалардың өзара ашықтығын арттыруға ықпал ететінін айтып отыр. 

Тараптар шекарааралық ынтымақтастықты бірқатар негізгі бағыт бойынша дамытуға келісті.

Олардың қатарында өнеркәсіптік дамуды үйлестіру, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инновациялық өзара іс-қимыл платформасын құру және басқару тәжірибесімен алмасу бар. «Ганьцюаньпу» аймағы әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары Дин Хуэйдің айтуынша, бұл жоба дәстүрлі әріптестіктің жалғасы ғана емес, Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа форматтарда кеңейтіп, оған қосымша серпін береді.

QNA: Дохада көрнекті халықаралық тұлғалардың қатысуымен бірінші халықаралық музыка және марштар фестивалі ашылды

Қазақстанның әскери музыканттары Дохадағы алғашқы Doha Tattoo — халықаралық әскери музыка және марштар фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлайды QNA Қатар агенттігі.

ҚР Қорғаныс министрлігінің құрметті қараулы және Қарулы Күштердің Орталық әскери оркестрі дәстүрлі және заманауи музыкалық элементтерді біріктірген бағдарламаны ұсынды.
Фестиваль Қатар Ішкі істер министрінің қолдауымен өтіп жатыр және Қатар, Оман, Иордания, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия және Қазақстан әскери оркестрлерін біріктірді. Doha Tattoo халықаралық мәдени алмасудың жаңа платформасы ретінде таныстырылады, мұнда әскери музыка елдер арасындағы өзара әрекеттестіктің әмбебап тілі ретінде пайдаланылады, деп жазады QNA.

Бұған дейін заңдағы реформалар, мұнай өндірісі және Головкиннің жетістігі туралы шетелдік басылымда жарияланған мақалаларға шолу ұсынған едік.

Соңғы жаңалықтар