Төлеби тұрғыны туған жердің табиғатын әлеуметтік желі арқылы танытып жүр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Төлеби ауданына қарасты Леңгір қаласының тұрғыны өз аймағының қысқы табиғаты бейнеленген видео мен суреттерді #Qazalemi хэштегімен желіге жариялап, байқауға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеби тұрғыны туған жердің табиғатын әлеуметтік желі арқылы танытып жүр
Фото: instagram.com/lengir.online

Еркін Әзімбаев туған жері мен тұрғылықты жерінің әсем табиғатын көпшілікке таныстырғысы келген. Содан, әрбір көше мен көрікті жерлерді таспалап, желіге жүктеп отырған.

—Қазақстанның табиғатын танып білу үшін мұндай жарыстардың маңызы зор. Түркістан өлкесіндегі Төле би өңірі — асқақ таулары, ұшы-қиыры жоқ кеңдігі мен жан дүниені тазартатындай тыныштығы бар өңір. Мен жай ғана видео түсірген жоқпын, шын көңілмен, адал ниетпен жұмыс істедім. Себебі, бұл менің туған жерімді қаншалықты жақсы көретінімді, мен үшін қаншалықты қымбат екенін бүкіл әлемге көрсетуге берілген мүмкіндік. Сол себепті, күн сайын бірнеше видео түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісемін. Яғни, мен бағалайтын сұлулықты көптеген адамдар көріп жүр. Оқырмандарым жазған пікірлерден шабыт аламын. Сондай-ақ, сурет арқылы табиғи сұлулықты көпшілікке жеткізе алатынымды мақтан тұтамын. Әрбір кадрда Отанға деген махаббатым, мақтанышым бар, — деді байқауға қатысушы.

38 жастағы ауыл тұрғыны әр түсірген суреті мен видеосындағы кадрларды кең көлемде таныстырып өтті. Оның әрбір сөзінен туған жерге деген ыстық ықылас пен сүйіспеншілікті сезіндік. 

— Мен үшін эмоциялар өте маңызды. Мұндағы табиғат жай кадрға арналған фон емес, оның өзіндік ерекше тынысы бар. Ал мен бұл сәттерді бейне арқылы ғана емес, сезім арқылы да жеткізу үшін таспаға түсіремін, — дейді Төлеби ауданының тұрғыны Еркін Әзімбаев.

Айта кетейік, бұған дейін танымал актер әрі продюсер Нұрлан Қоянбаев Instagram желісіндегі парақшасында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай байқау ұйымдастырған болатын. Қатысушылар өз аймағындағы қыс келбетін және қысқы, көрікті жерлерді сурет пен видеоға түсіріп, #Qazalemi хэштегімен әлеуметтік желіге жүктеуі қажет. Ең креативті жұмыстардың авторларына сыйлықтар — жаңа смартфондар мен шипажайға жолдама беріледі. Байқау қорытындысы 27 желтоқсанда жарияланады.

Соңғы жаңалықтар