Төлге байланысты халқымыздың ырымдары

АСТАНА. KAZINFORM  - Халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрі біте қайнасып жатқаны бәрімізге аян.

Төлге байланысты халқымыздың ырымдары
Фото: Ризабек Нүсіпбек/Kazinform

«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейтін халқымыздың төлдеу мезгілінде де өзіндік ұстанымдары мен ырым-тыйымдары болған. Кейбір деректерде алғашқы туған малға төл басы деп зор құрметпен қарап, оны ешкімге сатпайтын, сыйға бермейтін болған. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.

«Қарақат» шаруа қожалығының бақташысы Мүбарак Әмалиат өзі білетін ырымдар туралы айтып берді.

- Буаз малды төлдер алдында, өрістен қайтқанда, өріске айдарда қуалап қатты айдамайды. Мұндай жағдайда өз мерзімінен бұрын төлдеуі мүмкін. Мұны «іш тастау» дейді. Мал туып жатқан уақытта қораға бөтен адамдарды кіргізбейді. Тіл-көз болады деп ырымдайды. Алғашқы төл туғанда тоқ ішек асады. Оған сиырдың уызын да қосатын. Бұл – бір жағынан малдың аман төлдей бастағаны үшін жасалған мереке болса, енді бір жағынан мал төлді, жер майлы болсын деген ырым. Сондай-ақ, ірі қара мал егіз туса – жаман ырымға балаған. Біреуін өзі алып, екіншісін көршінің балаларын жарыстырып, кім озса сол балаға беретін болған, - дейді бақташы.

«Қой жайып, көтен жеу» – қазақ өмірінде әлі күнге дейін бар дәстүр. Бұған аз-кем тоқтала кетелік. Қазақ отбасы соғым сойған кезде қойдың тоқ ішегіне құйрық майды айналдыра молынан жібереді. Қыс бойы арсада кепкен майлы ішекті өзге қоспа мүшелермен бірге қорадағы малының құтына балаған саулығы немесе биесі, өзге де аналығы төлдегенде, сол күні мал баққан қойшыға арнап асады.

Бұл – адал еңбек иесі малшыға жасалған құрмет, ынталандыру, әрі тіршіліктің көзі болған мал дәулетінің құты арылмауын тілеген ғұрыптық жосын. Мал төлдегенде оның алғашқы сүті қою әрі майлы да нәрлі болады. Уыз деген - осы. Малдың күйі жақсы болса жаңа туған төлі тауыса алмайды. Оны сауып бүйенге салып, асқан етпен бірге қайнатып қатырады. Осы уыз қосып асылған етті «көтен асу» деп атайды.

Қойшыға асылатын бұл кәделі асты кей өңірлерде жылқының көтен ішегіне май тығып та жасайды. Еліміздің солтүстік өлкесінде «көтен асу» – көрші-көлемді шақырып, кезекпен берілетін арнайы тілеу шай ретінде көрініс тапқан.

 

Биылғы төлдеу науқаны қалай өтіп жатқаны туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар