«ТОП–100 студент»: үздік колледж студенттері туралы электрондық журнал жарық көрді
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» КЕАҚ колледждердің «ТОП-100 студенті» республикалық байқауының қорытындысы бойынша электрондық журнал жасады.

— Электрондық журналда байқаудың мақсаты мен міндеттері, ұйымдастырушы, оператор, серіктестері мен қатысушылары ақпарат жинақталған. Әсіресе еліміздің 100 үздік колледж студенті туралы мәліметтерге ерекше назар аударылған. Журналда олардың аты-жөні, оқу орны, мамандығы, іріктеу принциптері, жетістіктері, қоғамдық белсенділігі, сондай-ақ жобаларды іске асыру нәтижелері — жұмысқа орналасуы, тренингтер мен кәсіби даму бағдарламаларына қатысуы туралы ақпараттар қамтылған, — деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Әсет Мұхамбетов.
Электрондық журнал «Talap» КЕАҚ-ның www.talap.edu.kz ресми сайтында жарияланып, студенттерге, оқытушыларға, колледж өкілдері мен жұмыс берушілерге қолжетімді болады.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі осы жылдың наурыз айында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «ТОП–100 студент» республикалық байқауының басталғанын жариялаған болатын.
Байқаудың мақсаты — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды әрі болашағы зор студенттерді анықтау және қолдау.
Айта кетелік колледж бағдарламалары жаңарып жатқаны туралы жазған едік.