Топырақты танып, алқапты улы арамшөп пен жәндіктен сақтаймыз – агроном
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл Ақтөбе облысының егіс алқабы 800 мың гектарға жуықтады. Диқандар гектарынан 14,4 центнер астық жинады. Шаруалар тек бидай емес, бұршақ тұқымдас түрлі дақыл өсіруді тәжірибеге енгізді. Бұл өңірдегі агрономдардың да еңбегі. Егін шаруашылығында еңбек етіп жүрген агроном Дархан Мұратов жаңашылдық пен алдағы жоспарды айтып берді.
Дархан Мұратов 2006-2009 жылдары аралығында Ақтөбедегі ауыл шаруашылығы колледжінде, қазіргі Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде білім алды. Көп ұзамай Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Ал жұмысын Әйтеке би аудандық аумақтық инспекциясынан бастап, кейін агроном болды. Ауыл шаруашылығы саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар маман кейінгі жылдары елімізде шаруаларға қолдау жоғары екенін айтып берді.
- Ауыл шаруашылығы саласында техника жаңарды, шаруашылықты жүргізу кезінде жаңа технология енгізілді. Сонымен бірге диқандар пистицид және гербицидтерді уақытылы алады. Мұның бәрі агрономдардың да жұмысына әсер етеді. Мәселен биыл маусым-шілде айларында күн ысып, бидайдың толысуы дұрыс болмады. Агротехникалық шаралар қабылданып, уақытылы арамшөпке қарсы улау жұмысы жүргізілді. Сөйтіп гектарынан 7-8 центнер жиналды. Диқанның да, агрономның да жұмысы жыл он екі ай үздіксіз жүргізіледі. Көктемде техниканың рөлі маңызды. Техниканың көмегімен жердегі ылғалды сақтау шарасы жүргізіледі. Одан кейін топырақтың температурасын бақылап, егу жұмысы басталады. Дән құрғақ жерге түспес үшін әр күннің, ауа райының маңызы зор. Құрт-құмырсқа дәнді жеп кетпес үшін тұқымды да өңдеу қажет болады. Жұмыс осы тізбекпен кете береді, - деді агроном Дархан Мұратов.
Егін алқабында шегірткені улаумен қатар киіктен қорғау жұмыстары да жүргізіледі. Мұндайда шаруалар бір-бірінен хабар алып, байланыста отырады. Агрономдар да өзара тәжірибе алмасады.
- 2000 жылдардың басында егін шаруашылығы саласына жаңа леп келді. Ірі, орта шаруалар шетелдің заманауи техникасын алып, өнімді аттыруға септігін тигізді. Шегірткеге қарсу улау жұмыстары да үйлесімін тапты. 2010 жылдан бастап карантиндік арамшөп жатағанға қарсы күрес жұмыстары жүрді. Арнайы мамандар шөптің ошағын тауып, тіркейді. Кейін қаржы бөлініп, улау жұмысы жүреді. Пистицид және гербицидтер уақытылы беріліп келеді,- деді ол.
Агроном Дархан Мұратовтың айтуынша, күзде жаңбыр жауып, жерге сіңгені пайдалы. Демек топырақтағы ылғал сақталады.
- Агроном – әмбебеп маман. Ол топырақтың құрамын, далалықта өсетін шөптің, жәндіктің түрін анықтап, зерттейді. Біз ауа райын жылына, айына емес, күніне қарап, болжам жасап отырамыз. Мәселен қазір күз жауын-шашынды болып тұр. Демек топырақта ылғал мол болады. Енді аяз түседі, көктемде қар еріген кезде бірден топыраққа сіңіп кетпейді. Тек бәрінің де өз мөлшері болғаны абзал. Бір шаруаның жерінің өзі біркелкі емес. Құмақта жер жырту жұмысы ерте басталады. Егін орған кезде де ең алдымен сол аумақтан бастаймыз. Тағы бір айта кетерлігі – маман тапшылығы. Оқу бітірген жастар механизатор, тракторшы болғысы келмейді. Егер 10 адам тәжірибеден өтсе, екеуі ғана қалады. Оқу бөлек, мамандығын жетік меңгеру - екінші сұрақ. Оқығанын тәжірибемен ұштастыра білгені жақсы. Ауыл шаруашылығында жас мамандарды баспанамен қамту, көтерме ақы бөлу бағдарламасының қарастырылғаны дұрыс деп есептеймін. Ауылға келіп, трактордың рөліне отырғысы келетіні аз. Қалада такси жүргізушісі болу қазір оңай. Ал біз ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығын дамыта түсуіміз керек, - деді ол.
Дархан Мұратовтың айтуынша, диқандар жинаған астықты қоймаға салды. Енді оны тазартады, кейін келісім бойынша жөнелтеді. Өңірде тек бидай емес, сонымен бірге бұршақ дақылдарының түрі көп. Дәнді дақылдардан бидай, арпа, тары, күздік қара бидай болса, майлы дақылдар арасында күнбағыс, мақсаты, зығыр бар.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл егіс алқабының көлемі 791,8 мың гектарды құрап, 625 мың тоннаға жуық астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,4 центнер болды. Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 26,5 млн гектар. Барлығы 5 673 агроқұрылым жұмыс істейді.
Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізіп, жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасты және еңбек адамдарының қоғамдағы орнын зерттеген. Сауалнамаға 1 305 адам қатысты. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 76,2%-ы еңбек адамына құрмет көрсетуді маңызды қоғамдық құндылық деп есептейді.