«Төрт ағайынды» ісі: Еркін Ізбасардың анасының көлігі мемлекет пайдасына тәркіленді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде «төрт ағайынды» ісі бойынша сот үкімі шықты. Судья Ахметқали Молдағалиев Еркін Ізбасардың анасы Мейрамхан Ізбасардың көлігі мемлекет пайдасына тәркілеу туралы үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Еркін Ізбасар мен мұнай ұрлап, тасымалдап, сатқан қылмыстық топқа үкім шығарды. Судья Ахматқали Молдағалиев бұған дейін кепілмен бостандықта жүрген бірнеше сотталушыны сот залынан қамауға алу туралы үкім шығарды.
Кепілдікпен бостандықта жүрген Руслан Дермұханов, Жандос Ақмағамбетов, Сергей Савченко, Мұрат Қуанышев және Мұханбет Шавлетов сот залынан қамауға алынды. Сонымен қатар, сотқа келу міндеттемесін алған сотталушы Айбек Тілеуғазиев пен Бекжан Құлтаев та қамалды. Судья Ахматқали Молдағалиев сотталушы Тектіғұлов пен Тілеуғазиевті мәжбүрлі түрде ішімдіктен емделуге жіберді.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ шығынды азаматтық тәртіпте өндіретін болды.
«1,4 миллион теңге сот шығынын сотталушылар бөліп төлейді. Еркін Ізбасар 80 мың, Аухат Қалиев 70 мың, Тұржанов 60 мың, Савченко 247 мың, Сәрсеновке 248 мың, Қайырбаев 353 мың теңгені мемлекетке қайтаруы керек. Сотталушылардың әрқайсысы есептелген шығынды бөліп төлейді. Бірнеше қару-жарақ, кен орындарынан алынған мұнай сынамасы жойылады. Ал Еркін Ізбасардың анасы Мейрамхан Ізбасартың атына жазылған 2015 жылғы Тойота көлігі мен тінту кезінде Аухат Қалиевтен табылған 1 мың АҚШ доллар тәркіленді. Бірнеше КаМАЗ көлігі мен тіркемелер мемлекет пайдасына тәркіленді»,- деді судья Ахметқали Молдағалиев.