«Төрт ағайынды» ісі: Қалдымұрат Қартжан сот алды тергеу кезінде өзін азаптағанын айтты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Қалдымұрат Қартжан тергеушілердің азаптағанын айтты. Бүгін сот отырысына кезінде жауап алған тергеуші келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Қалдымұрат Қартжанның 2017 жылдың 22 ақпаны күні берген жауабы оқылды. Себебі, сотталушы сот залында судья, прокурор, адвокаттардың сұрағына жауап беруден бас тартып, сот алды тергеудегі жауабымен келіспеді.
«2004 жылдан бері ресми еш жерде жұмыс істеген жоқпын. Көбіне құрылыспен айналыстым. 2013 жылы Астана қаласына барып, түрлі жұмыс атқардым. Онда 3-4 ай болдым. «Төрт ағайынды» тобын білемін. 1999-2002 жылдары қалада, елімізде «Төрт ағайынды» қылмыстық тобының атағы мықты шыққан. Оларды Қазақстан білді. Құрамында Құрман, Сико, Еркін Ізбасар және Асқар деген жігіттер екенін білдім. Сол кездері қылмыстық топ адамдары бопсалау, олардың мүлкін тартып алу, бөгде тұлғалардың мүлкін иемденумен айналысып, халыққа кең тараған рэкет болды. Өзім спортшымын. Кішкентай кезімде еркін күреспен айналыстым. Мені Кәдіржан Пангерейұлы мен Қайыржан Батыров өздерінің жанына алып, інісі ретінде жүрдім. Сол кездері Нұрлыбек Тонтаев атты шымкенттік баламен таныстым. Мен онымен Ақтөбе қаласындағы кафелердің бірінде таныстым. Студент кезде барып кел, алып кел, апарып таста деген тапсырмаларды орындадым»,- деп жауап берген Қалдымұрат Қартжан. Ол сот алды тергеудегі жауабында студенттердің телефонын тартып алып, шәкіртақыларын иемденгенін айтқан. Ақшаны ойын автоматтарына салған. Ұтыстары да болған. Сол кездері Шалқар ауданы мен Байғанин ауданының арасындағы дауға араласқан. Сонымен қатар, сотталушы Қалдымұрат Қартжан кафеде болған төбелестен соң Қайыржан Батыровтың қаза болғанын баяндады.
«Негізі Еркін Ізбасар жанына ешкімді жақындатпайды. Тек өзінің қасында жүрген адамдармен араласады. Олардың арасынан Кәдіржан Пангерейұлын танимын. Лақап аты Кодя. Қайыржан Батыров 2013 жылы қайтыс болды. Ал Мұрат Тұржанов Қандыағаш қаласында тұрды. Ақмырза Сәрсенов Байғаниннің Теректі ауылынан. Қазір қылмыстық қатысы жоқ сияқты. Бестамақта тұрады. Қайырбек, лақап аты Борода. Алға қаласында тұрады. Қазір Еркін Ізбасарға қатысы бар, жоғын білмеймін. Аухат Қалиев Оралдыкі. Алматыдан бері Еркін Ізбасардың жанында. Мен осыларды танимын. Естуімше, ол кезде ешкім кіріп, тікелей сөйлесе алмайтын. Ол құпиялылықты қатаң сақтайтын тұлға болған. Ең жақын, сенімді адамдарымен сөйлеседі. Тек соларға ғана бұйрық береді»,- деп жауап берген Қалдымұрат Қартжан.
Жауап беру кезінде Еркін Ізбасардың туған күні мен оған жиналған спортшылар туралы да мәлімет берген. «2005 немесе 2006 жылдың сәуір айында Еркін Ізбасардың туған күні болды. Онда Талғат Атабаев, Мәулен Мамыров деген күресші, Оралдан Мұхтар Хамзин, Нұрлан мен Мұрат және басқа әншілер болды. Мен және төменгі деңгейдегі жігіттер сыртта жүрді. 2006 жылдың көктемінде Еркін Ізбасар жігіттердің бәрін Ақтөбе қаласындағы Орталық базарға жинауға нұсқау берді. Біз жиналдық. Еркін Ізбасардың өзі келді. Оны жанында Кадок және басқа жігіттер болды. Мен Мұрат Тұржановпен бардым. Менің де жанымды жігіттер болды. Базардағы барлық өзбектерді шалқарлық Рамазан, Толқын деген балалар «крышавать» етіп, ақша жинап отырады. Еркін Ізбасар Рамазанды шақырып алып, «базардағы өзбектерден енді өзіміз ақша жинаймыз» деп айтты. Алайда кездесуге Рамазан келген жоқ. Орнына Жақсылық келді. Қайрат Әділшиннің інісі. Еркінмен жақын араласып, базардағы өзбектерді беріп, 80 мың теңгені тапсырды. Базарды қарауға Макс деген жігітті тағайындады. Макс базардағы өзбектердің әрқайсысынан 5 мың теңге жинап отырды»,- деді Қ.Қартжан. Сотталушы өз жауабында «Жеті ру» тобының құрылуы туралы естігенін айтқан.
Айта кетейік, сот отырысы кезінде Қалдымұрат Қартжан өз жауабынан бас тартты. Прокурорлардың сұрағы жауапсыз қалды. Әрі жауап алу кезінде азаптағаны туралы айтылды.
«Бұл істе сотталушы емес, жасырын куәгер болып кеткені жақсы еді. Інім түрмеге түскенде бір ай көре алмадым. Ал кездескенде мені танымай қалды. Бетімнен сипап, «барсыңдар ма, мен өлген шығармын деп ойладым» деп айтты. Жасырын куәгерлерге айтарым, «сендерде бар бала-шаға біздерде де бар». Олардың өзі біледі»,- деді апасы Самал Қартжан. Бүгінгі сот отырысы кезінде жауап берген тергеуші Дәулет Әбубәкіров. Ол ешқандай да азаптау қолданылмағанын, жауап алған кезде әр параққа қол қойылғанын жеткізді.
«Әр параққа қол қойылды. Ол азаптау болмағанын, күш қолданбағанын білдіреді»,- деді тергеуші Дәулет Әбубәкіров.