«Төрт ағайынды» ісі: Сотталушы адвокаттар мен прокурорға жауап беруден бас тартты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «төрт ағайынды» ісі қаралып жатыр. Сот алдында жауап берген Қалдымұрат Қартжан бірер минуттан соң қорғаушысына, прокурорлар мен судьяға жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төрт ағайынды» ісі: Сотталушы адвокаттар мен прокурорға жауап беруден бас тартты

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жасырын куәгерлер тыңдалып болған соң бүгін сотталушы Қалдымұрат Қартжаннан жауап алынды. Алғашында мұнай ұрлығы, рейдерлік жолмен бизнесті тартып алу эпизодтарына қатысты өз жауабын берген сотталушы бірер минуттан соң өз қорғаушысына да жауап беруден бас тартты.

«Еркін Ізбасар, Аухат Қалиев ешқандай тапсырма берген жоқ. Жасырын куәлардың жауабы шындыққа сай келмейді. Шынымды айтсам, мектепте, жас кезімде спортпен айналыстым. Бұл менің қылмыстық топқа мүше екенімді білдірмейді. Бір псевдоним ақшаны маған беріп, Еркін Ізбасарға жеткізді деп айтқаны шындыққа жанаспайды. Ол өтірік. Сотқа дейінгі берген жауабымнан бас тартамын. Себебі, тергеу тобы мені мәжбүрледі. Отбасыммен қорқытты. Бір ай бойы жанымда қорғаушы болмады. 2017 жылдың қаңтарында ұсталдым, ақпан айында апам келіп, кездесті. Кейін қорғаушы тағайындалды. «Қылмыстық топ мүшесі, қару сақтады» деген тағылған айыппен келіспеймін. Осы жерден жауап бермеймін, бас тартамын»,- деді Қалдымұрат Қартжан.

Кейін сотталушы Қ.Қартжан сот алында жауап беріп жатқан сотталушы Біржан Аманқұлов, Нұрлан Ноғаев, Болатбек Бекетовтің қорғаушыларына жауап бермеді. Сонымен қатар, прокурор мен судьяның сұрақтары жауапсыз қалды. Дегенмен сот отырысы кезінде Қалдымұрат Қартжанның сот алды тергеу кезіндегі жауабы оқылды.