Төрт қалада локомотивтерге сервистік орталықтар салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Локомотивтерге сервистік қызмет көрсетуді жергіліктендіру және вагон паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.
— Alstom компаниясымен бірлесіп өңірлерде сервистік инфрақұрылым дамытылып жатыр. Инвестициялық келісім аясында Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында төрт сервистік орталық салу жоспарланған. Қазіргі таңда Алматы мен Шу қалаларындағы орталықтар іске қосылған, ал Астана мен Арыстағы нысандардың құрылысы жалғасып жатыр, — деді ол.
Министрдің мәліметінше, жоба нәтижесінде 700 жаңа жұмыс орны ашылып, локомотивтерге толық цикл бойынша техникалық қызмет көрсету мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар министр вагон паркінің тозу деңгейі әлі де жоғары екенін атап өтті.
— Бүгінде жүк вагондары паркінің тозуы 54 пайызды, локомотивтер 52 пайызды, ал жолаушылар вагондары 42 пайызды құрайды, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Осыған байланысты отандық өндірушілерден вагон сатып алуды субсидиялау көлемін қайта қарау және ұзақмерзімді оффтейк-келісімшарттарды енгізу ұсынылды.
Бұған дейін еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал жөнделіп жатқанын жазған едік.