Төрт жолақты жол көбейсе, техниканы да көбейту керек – министр Қарабаев
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жолдарды қыста күтіп ұстау үшін 142 мың текше метр құм және 25 мың тонна техникалық тұз әзірледі. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының барлық күші жолдарды қыс мезгіліне дайындауға бағытталған. Жолдарды қыста күтіп ұстау үшін 142 мың текше метр құм және 25 мың тонна техникалық тұз әзірленген.
«Ұлттық оператор 1 870 қысқы техниканы жұмылдырды, оның ішінде 493-ін мердігер ұйымдар дайындаса, 218-і жалға алынды. Соңғы жылдары 4 жолақты жолдар көбеюде, бұл өз кезегінде жол-пайдалану техникасының санын арттыруды талап етеді. Осы қажеттілікті шешу үшін «ҚазАвтоЖол» биыл қосымша 379 техника сатып алуда, оның 245-і өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы, 25-і жол жүру ақысынан және 109-ы – амортизациялық аударымдар есебінен алынады», – деді Марат Қарабаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Дегенмен, әлі де 1 100-ден астам техника жетіспейді. Сондықтан Көлік министрі Өнеркәсіпті дамыту қорынан жеңілдетілген несие алу арқылы техникаларды толықтыру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Айта кетейік, биыл Қазақстан бойынша 10 700 шақырым жолға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдар республикалық желіде – 92 пайызға, жергілікті желіде 87 пайызға дейін жетпек.
Халықтың шағымдарын ескере отырып, осы жылы барлық күш құрылысы ұзаққа созылған 6 негізгі жобаға бағытталды. Бұл Талдықорған - Өскемен, Қарағанды - Алматы, Мерке - Бурылбайтал, Ақтөбе - Қандыағаш және Атырау - Астрахан жолдары.