Төте жазу редакциясы қандастардың рухани мұқтаждықтарының орнын толтырды – Бейсен Сұлтан

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы аталып өтіп жатыр. Осыған орай Kazinform ХАА төте жазу редакциясының шығарушы редакторы Бейсен Сұлтанды сөзге тартқан едік. 

Бейсен Сұлтан
Фото: Бейсен Сұлтанның жеке мұрағатынан

– Қазіргі істеп жатқан жұмысқа келуім туралы айтайын. Ең алдымен айта кету керек, дүниежүзіндегі қазақтар арасында қазіргі уақытта қолданыста келе жатқан екі алфавит бар. Оның бірі кирилл болса, енді бірі – төте жазу әліпбиі.

Біз мектепті 1 сыныптан 12 сыныпқа дейін төте жазуда оқыдық. Пайдаланатын барлық оқулық осы жазумен жазылған. Қысқасы, сауатымыз төте жазумен ашылған болатын. Сонымен қатар ол жақтағы барлық басылым, газет пен журналдар аталған жазумен жазылатын. Сондықтан мен үшін төте жазудың орны бөлек.

Кейін мектеп бітірген соң Қазақстанға келгенде кирилл әліпбиі қарсы алды. Осы жаққа келгенше бұл алфавитті үйреніп келгенімізбен, алғашында қаріптеп оқып жүрдік. Тезірек ел қатарына қосылу үшін газеттерді сатып алып, жаттыға бастадық. Сөйтіп одан кейінгі бір жылдық дайындық курсы, 4 жылдық жоғары оқу орны кирилл әліпбиін оқып жазуға әбден жаттықтырды. Соның арқасында студент кезімнен-ақ әртүрлі басылымға ақпарат, мақалаларымды шығара бастадым. Басында «Ана тілі», «Қазақстан заман» секілді газеттерге ақпарат жазумен бастап, кейіннен «Ара» журналына сатиралық әңгіме, пародия жазуға дейін бардық. Ары қарай «Жазушы» баспасында редактор болдым, - дейді ол.

Бейсен Сұлтанға Талдықорғанда газетте жұмыс істеп жүрген кезінде Kazinform-ға жұмысқа келуге ұсыныс түскен. 

Төте жазу редакциясы қандастардың рухани мұқтаждықтарының орнын толтырды – Бейсен Сұлтан
Фото: Kazinform

– Төте жазу редакциясына шығарушы редактор болуға ұсыныс түсті. Мен оған қуана келістім. Өйткені бұл жазумен оқитын, жазатын қазақтар әлі де көп. Басым бөлігі Қытайда тұрады. Қазіргі уақытта бұл жазуды танитын, оқитын қазақтар тек бұл елмен ғана шектеліп қалмайды. Шынын айтқанда бүгінде аталған жазуды оқи алатын қазақтар тұратын елдердің қамтитын аумағы кең. Сондықтан мұндай редакцияда жұмыс істеу мен үшін өте маңызды деп ойладым. Қазақстанда күнделікті болып жатқан саяси, қоғамдық салалардағы әртүрлі жаңалықты тек ел ішіндегі қазақтар ғана емес, шетелдегі қазақтар да біліп отыру қажет қой, - дейді Бейсен Сұлтан. 

Төте жазу редакциясы қандастардың рухани мұқтаждықтарының орнын толтырды – Бейсен Сұлтан
Фото: Kazinform

Төте жазу редакциясы редакторының айтуынша, Kazinform ХАА шетелдегі қазақтарды ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында 2009 жылдың қазан айынан бастап ана тіліміздегі ақпараттар мен мақалаларды Қытай, Иран, Моңғолия және Алтайдан ауып, Еуропа елдеріне қоныс аударған қазақ жұртшылығы үшін Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалаған алғашқы қазақ жазуы төте жазумен тарату жүзеге асырыла бастады. Бұл жоба әсіресе төте жазуды қолданатын Қытай қазақтары үшін елеулі оқиғаға айналды. Сол жақтағы 2 миллионнан астам қандасымыз бұған дейін қазақстандық телерадио бағдарламаларын толық көру мүмкіндігі болмағандықтан (ол елде жеке тарелка қоюға рұқсат етілмейді) және кирилица әрпін танымаған соң интернеттегі қазақ басылымдары мен кітаптарын оқи алмайтындықтан, еліміз туралы әрбір ақпаратқа әдеби шығармаларға ерекше зәру болып отыр еді. 

– Агенттіктің араб қаріпті нұсқасының ашылуы – интернетті кеңінен пайдаланып отырған Қытай қазақтары үшін ақпараттық, рухани мұқтаждықтарының орнын толтыруға айтарлықтай көмектесті. Сайт ашылғаннан кейін, шеттегі қандастарымыздан Kazinform қолға алған маңызды жобаның шеттегі қандастарымыздың ана тілінен айырылмауына, жастардың рухани әлемінің байуына үлкен көмек болғаны жөнінде көптеген алғыс хат келіп түсті, - дейді ол. 

Өз кезегінде Бейсен Сұлтан төте жазу редакциясы маңызды тың жобаларды қолға алып сайттың рухани әлемін одан ары байытып, оқырмандар санын арттыра түскенін айтады. Атап айтқанда, төте жазу сайты аясында ашылған аса ауқымды «Қазақ руханияты» атты әдеби, мәдени және этнографиялық портал жобасы – Қытай мен Ирандағы қазақ диаспоралары және сол елдерден келген қандастар үшін үлкен рухани қолғабыс болып отыр. Ол порталда қазір бірқатар рубрика жұмыс істейді. 

«Қазақ тарихы». Бұл рубрика бойынша қазақ тарихының ғылыми негізделген ықшам тараулары, тарихымызға қатысты тартымды мақалалар беріледі. 

«Әдебиет және өнер». Бұл рубрикамен тілшілеріміз дайындаған, сондай-ақ еліміздегі әртүрлі басылым беттерінде жарияланған қазақ әдебиеті мен өнерінің мәселелері, белгілі қаламгерлер мен өнер иелері туралы мақалалар, олармен өткізілген сұхбаттар таңдалып ұсынылады. 

«Ұлттық салт-дәстүрлер». Халқымыздың бай әдет-ғұрыптарына байланысты мәліметтер бір жерге жинақталып беріледі.

«Ата-тек шежіресі». Қазақ шежіресінің тиянақты сараптаудан өткен нұсқалары екшеліп, жарияланады. Үнемі жаңа зерттеулермен толықтырылып отырылады.

Төте жазу сайтындағы ең маңызды айдардың бірі «Әңгіме әлемі» (Қазақ әңгімелерінің антологиясы) деп аталады. Бұл рубрика бойынша қазақ прозашыларының таңдаулы әңгімелері мен романдары іріктеліп әзірленеді. Қазірдің өзінде 55 жазушының 220-дан астам әңгімесі мен романы порталға орналастырылған. Көркем шығармалардың қатары алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырылады. Сонымен қатар «Жеті ғасырдың жыр желкені», «Балауса» (балалар әдебиеті) және «Дәстүрлі әндер мен күйлер» қатарлы айдарлар қамтылған.

«ҚазАқпарат» ХАА төте жазу сайты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлы мұрасының үзілмей, жалғасын табуына өзіндік үлесін қосып келеді. Алаш қайраткерінің 150 жылдығына орай сайтымызда арнайы баннер ашылып, ғалымның мұраларын ұлықтаған көптеген материалды төте жазуға аударып, жарияланған болатын. Сонымен бірге осы жазуды үйренгісі келетін оқырмандар үшін «төте жазу сабақтары» деген атпен арнайы бейне сабақтар дайындалып, сайт бетіне орналастырылды. Бұл жоба да оқырмандардың ерекше алқауына бөленді.

Төте жазу редакциясы қандастардың рухани мұқтаждықтарының орнын толтырды – Бейсен Сұлтан
Фото: Kazinform

– Төте жазу редакциясының тағы бір ерекшелігі – шетелдегі қазақтардың жаңалықтарын қазақ еліне жеткізу. Сайттың редакторлары төте жазумен шығатын шетелдегі сайттарды қадағалап, онда жарық көрген маңызды ақпараттарды қазақ тіліне аударып, жариялап отырады. Атап айтқанда, 2018 жылдан бергі оқылымы жақсы жоба – «Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолуды» жүргізіп келеміз. Шолу әр апта сайын шығып тұрады, - дейді ол. 

Айта кету керек, қазақ тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі көне түркі жазуы, соғды жазуы, қыпшақ жазуы қатарлы бірнеше тарихи кезеңді басынан өткізген болатын. Он ғасырға жуық уақыт бойы қазақ халқы араб-парсы графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланған еді. Ол графика «шағатай жазуы», «шағатай тілі» деп аталып келген.

Көне түркі жазуы біздің ата-бабаларымызда бір жарым ғасырдай уақыт қолданыста болды. Ал соғды жазуы – қазақтың ру-тайпалары, яғни түркітілдес тайпалар арасында кең тараған жазудың бірі. Бірақ Шыңғысханның күшеюінен кейін бұл жазу моңғолдардың қолына өтіп кетті. Қазіргі Моңғол жазуы деп жүрген жоғарыдан төмен қарай жазылатын жазу – ата-бабаларымыз пайдаланған сол көне соғды жазуы еді. Бұл түркі халықтарының, соның ішінде қазақты құраған ру-тайпалардың да қолданған жазу-таңбалары болатын. Кейін моңғолдардың мемлекеттік жазуына айналды. Одан кейін Цинь патшалығы дәуірінде манчжур елі (шүршіттер) осы жазу нұсқасын өздеріне бейімдеп пайдаланды. Қазіргі күнге дейін аталған жазу қолданыста жүр деуге болады. Бұған бүгінгі Моңғол, Манчжур жазулары дәлел бола алады. 

Араб-парсы жазуын қазақ халқы пайдаланып келе жатқанына 11 ғасырдан асып барады. Ахмет Байтұрсынұлының реформасына дейін «шағатай жазуы» атанып келген бұл әліпби әлі күнге дейін өміршеңдігін сақтап келеді. Бұл жазу нұсқасын мың жылдан астам уақыт пайдаланып келе жатқан соң, оны ата жазуымыз деп айтуға әбден болады деп ойлаймын. Өйткені осы жазумен біздің көптеген тарихымыз таңбаланып қалған болатын. 

Төте жазу редакциясы қандастардың рухани мұқтаждықтарының орнын толтырды – Бейсен Сұлтан
Фото: Kazinform

– Ал енді шетелдегі қандастарымыздың қызығып оқитын тақырыптары туралы айтар болсақ, біз төте жазу сайты оқырмандарының мемлекет саясатының негізгі бағыттары туралы ақпараттарды, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, тарихына қатысты рухани материалдарды және заң, саясат, әсіресе көші-қонға қатысты тақырыптарды көп оқитындығын байқадық. Сол себепті осы бағыттағы ақпараттарды көптеп беруге күш салып келеміз. Сайтқа салынатын материалдарды іріктеу барысы туралы айтар болсам, оқырмандарымызға арнайы іріктеп, ең өзекті ақпараттарды берумен бірге көлемді, танымдық материалдар көбірек жарияланады. Қылмыстық тақырыптарды бермеуге тырысамыз. Атап айтқанда, рухани, мәдени, ғылыми, әдеби дүниелер жиі ұсынылады. Осындай бағыттағы материалдарға риза болған оқырмандардан жиі хат алып тұрамыз. Сайтқа материал іріктеген кезде республикалық деңгейдегі газет, журналдардың мақалаларын салуға көбірек мән беріледі. Сонымен қатар Қазақстанға келген қандастарымыз да біздің сайттың тұрақты оқырмандары деуге болады. Оларға қолайлы болу үшін осыдан 5 жыл бұрын ватсап желісі арқылы төрт топ құрғанбыз. Сайтқа жарияланған ақпараттарды әр екі сағат сайын сол топтарға бөлісіп отырамыз. Ол топтардың мүшелері де жекемізге хабарласып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Сондай-ақ өздерінің ұсыныстарын да айтып тұрады, - дейді Бейсен Сұлтан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Иран мен Қытайдан оралған қандастардың теріскейдегі тыныс-тіршілігі туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар