Трамп АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер демалыс күндері жалғасатынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран мен Вашингтон диалогы осы аптаның соңында жалғасады, деп хабарлайды Report.

Трамп АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер демалыс күндері жалғасатынын мәлімдеді
Фото: yahoo.com

Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Финикс қаласында (Аризона штаты) БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.

— Ақылдасу процесі жалғасып жатыр. Ол демалыс күндері де өтеді, — деді америкалық көшбасшы.

Ол тараптардың ұстанымдарында әлі де кереғарлық болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

— Мүмкін, олар бар шығар — оқиғалардың қалай өрбитінін көреміз. Егер бар болса, біз оларды еңсеруіміз керек. Дегенмен, айтарлықтай қарама қайшылықтар көп қалмаған деп ойлаймын, — деді Ақ үй басшысы.

Ол сондай-ақ келісімге қол жеткізілгеннен кейін Парсы шығанағындағы Иранның теңіз порттарына қойылған блокада алынатынын да жеткізді.

Сонымен қатар, ABC News телеарнасына берген жеке сұхбатында Иранмен келіссөздерді Исламабад қаласынан басқа жерде жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығарды.

— Келіссөздер тек Исламабадта өтуі керек. Маған көмектеспеген елдерге баруға мүдделі емеспін. Стив Уиткофф (АҚШ президентінің арнайы өкілі), Джаред Кушнер барады. Мүмкін Джей Ди Вэнс (вице-президент) те барар, бұл туралы Джей Димен әлі сөйлескен жоқпын, — деді Трамп.

Таяу Шығыстағы шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған маңызды қадам жасалды. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға соққыларды уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдегеннен кейін, Тегеран ресми түрде екі апталық бітім шарттарын қабылдады.

Иран мен АҚШ Пәкістандағы келіссөздерде соғысты тоқтату туралы келісімге келе алмады.

Соңғы жаңалықтар