Трамп Аляска, Гавай аралдары және АҚШ-тың Тынық мұхиты жағалауында цунами қаупі бар екенін ескертті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада, Гавай аралдарында және елдің Тынық мұхиты жағалауында цунами болуы мүмкін екенін айтты, деп жазды АЗЕРТАДЖ.

Трамп Аляска, Гавай аралдары және АҚШ-тың Тынық мұхиты жағалауында цунами қаупі бар екенін ескертті
Фото: Pixabay.com

– Тынық мұхитында болған ірі жер сілкінісіне байланысты Гавай аралдарындағы барлық тұрғындарға цунами туралы ескерту жарияланды. Аляска мен АҚШ-тың Тынық мұхиты жағалауында цунами қаупі бойынша бақылау жүріп жатыр. Жапония да қауіп астында, – деп жазды АҚШ президенті Truth Social желісінде.

АЗЕРТАДЖ шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, бұған дейін Гавай штатындағы астана – Гонолулу орналасқан Оаху аралының билігі тұрғындарды жағалаудағы аудандардан эвакуациялануға шақырған.

АҚШ жағалау күзеті Гавай штатында айлақтарда тұрған барлық кемелерге портты тастап шығу жөнінде бұйрық берді. Бұл шешім Камчаткада болған жойқын жер сілкінісінен кейін туындаған цунами қаупіне байланысты қабылданды.

Жапонияда 30–50 см биіктіктегі толқындар тіркелді. Қазіргі уақытта бүліну немесе зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Айта кетейік, бүгін Камчатка тарихында ең күшті жер сілкінісі тіркелді.

Магнитудасы 8,7 баллға жеткені хабарланды. 

Камчаткада болған күшті жер сілкінісінен кейін Чили Әскери-теңіз флотының Гидрография және океанография қызметі елдің жағалауында цунами қаупі бар екенін ескерткен еді.

 

Соңғы жаңалықтар