Трамп Эпштейнмен ешқандай байланысы жоқ екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп марқұм миллиардер Джеффри Эпштейннің қылмыстарына қандай да бір қатысы бар екенін жоққа шығарды, деп хабарлайды NDTV.
Сейсенбі күні Трамп сексуалдық сипаттағы қылмыстар жасаған марқұм Эпштейнмен қандай да бір байланысын жоққа шығаратын мәлімдеме жасады.
— Эпштейннің файлдарына келетін болсақ… Менің Джеффри Эпштейнге еш қатысым жоқ. Мен оны көп жыл бұрын клубымнан қуып жібердім, себебі оны ауру, азғын адам деп ойладым, — деп мәлімдеді Дональд Трамп Ақ үйде тілшілерге берген сұхбатында.
Эпштейн 2019 жылғы 6 шілдеде Нью-Йорк штатында ұсталды. Прокуратура оның 2002–2005 жылдары Манхэттендегі үйіне ондаған кәмелетке толмаған қыздарды (ең кішісі 14 жаста) шақырғанына дәлел бар екенін мәлімдеді. Эпштейннің достары мен таныстары арасында АҚШ пен өзге елдердің қазіргі және бұрынғы шенеуніктері, бұрынғы мемлекет басшылары, ірі кәсіпкерлер мен шоу-бизнес жұлдыздары болған.
Эпштейнге қатысты қылмыстық іс 2019 жылғы 10 тамызда түрме камерасында өз-өзіне қол жұмсағаннан кейін тоқтатылды.
Шілде айында Трамп Эпштейнмен байланысы туралы жазғаны үшін Wall Street Journal-ды сотқа беретінін жазған болатынбыз.
Трамп WSJ-ге жарияланған мақаладан кейін медиамагнат Мердокты сотқа берді.
Сондай-ақ Илон Маск пен ханзада Эндрю Эпштейн ісінің соңғы құжаттарында аталғаны белгілі болды.
Осыдан кейін британдық принц Эндрю Йорк герцогі титулынан бас тартты.
АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы атышулы қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты іс материалдарын жариялауды талап ететін заң жобасын көпшілік дауыспен қолдады.
Құжатты 427 заң шығарушы қолдап, төменгі палатаның бір мүшесі қарсы дауыс берді. Енді заң жобасы АҚШ Сенатының қарауына жіберіледі. Егер Конгресстің жоғарғы палатасы мақұлдаса, ол АҚШ президенті Дональд Трамптың қол қоюына жіберіледі.