Трамп ФИФА-ның алғашқы Бейбітшілік сыйлығын иеленді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі алдында АҚШ президенті Дональд Трампқа әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін ФИФА-ның алғашқы Бейбітшілік сыйлығы табысталды, деп хабарлайды Anadolu.

р
Фото: Anadolu Agency

Вашингтондағы Кеннеди орталығында өткен жеребе алдында АҚШ президентіне футбол тарихында алғаш рет тағайындалған бұл марапат салтанатты түрде берілді.

ФИФА президенті Джанни Инфантино Трампқа сыйлықты тапсыра отырып, оның бір жыл ішінде әлемнің түрлі аймақтарындағы бірқатар қарулы қақтығыстарды тоқтатуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

Инфантиноның айтуынша, ФИФА алғаш рет тағайындаған Бейбітшілік сыйлығы Трамптың жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесіне беріліп отыр.

Марапатты алғаннан кейін Дональд Трамп сөз сөйлеп, Конго Демократиялық Республикасы мен Руанда арасындағы қақтығыс, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленістер секілді түрлі аймақтардағы мысалдарды келтіріп: «Біз миллиондаған адамның өмірін сақтап қалдық. Бұл марапат – мен үшін үлкен құрмет», – деді.

Ол сондай-ақ осы үдерістегі қолдауы үшін отбасына, сондай-ақ 2026 жылғы әлем чемпионаты аясындағы серіктестігі үшін Канада мен Мексика басшыларына алғыс білдірді.

«Әлем бұрынғыдан да қауіпсіз бола түсті», – деп атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Вашингтонда 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар