Трамп Газа жоспарының екінші кезеңі жақында жүзеге асырылатынын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Газа жоспарының екінші кезеңі жақында орындалатынын айтты. Алайда нақты уақытын жарияламады, деп хабарлайды ANEWZ.
Трамп журналистердің «келесі кезең қашан басталады?» деген сұрағына қазір процестің «жақсы өтіп жатқанын» айтып, аймақта бейбітшілікті сақтау үшін жасалып жатқан күш-жігерге баса назар аударды.
— Олар бүгін жарылыстан біраз қиындыққа тап болды. Біршама адам зардап шекті, мүмкін қаза тапқандар да бар болар. Бірақ қазір бәрі жақсы жүріп жатыр. Таяу Шығыста бейбітшілік орнады. Адамдар мұны түсінбейді, — деді ол.
АҚШ Президентінің пікірі премьер-министр Биньямин Нетаньяху Рафахтағы Израиль күштері мен Палестина топтары арасындағы қақтығыстарға қатысты жауабынан кейін жарияланды.
Атысты тоқтату туралы келісімнің бірінші кезеңі палестиналық тұтқындардың орнына израильдік кепілге алынған адамдарды босату, сондай-ақ Газаны қалпына келтіру және ХАМАС ұйымына қатысы жоқ жаңа басқару механизмін құру жоспарларын қамтыды.
Бұған дейін Дональд Трамп Израильге Сирияда тұрақсыздық туғызбау керектігін ескертті.