Трамп Гуантанамода депортацияланған иммигранттарға лагер салуға бұйрық берді
АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні заңсыз иммиграциямен күресу туралы бұйрық шығаруды жалғастырды, деп жазады ВВС.

Ол Кубаның Гуантанамосында иммигранттар үшін 30 мың адамға арналған лагерь салу туралы бұйрыққа қол қойды.
Трамп бұл лагерьге «Америка халқына қауіп төндіретін заңсыз шетелдіктер арасындағы ең қауіпті қылмыскерлер» жіберілетінін айтты.
Гуантанамодағы АҚШ базасы соңғы екі онжылдықта америкалықтар жиһадшы-тұтқындарды ұстайтын әскери түрме ретінде танымал болды, бірақ BBC-дің Орталық Америкадағы тілшісі Уилл Грант атап өткендей, база сонымен қатар ондаған жылдар бойы әскери базадан бөлек миграциялық орталық қызметін атқарды.
Трамп әкімшілігінің шекара және иммиграция жөніндегі жоғары лауазымды қызметкері Том Хоман журналистерге дәл осы орталық 30 000 төсекке дейін кеңейтілетінін айтты. Хоман ондағы қамау шарттары ең жоғары стандарттарға сай болады деп сендірді.
Уилл Грант осы уақытқа дейін орталықта негізінен АҚШ-қа теңіз арқылы заңсыз кірмек болғандар орналасқанын атап өтті.
Бұл әскери түрмеде 2002 жылы құрылғаннан бері Ирак пен Ауғанстандағы және басқа жерлердегі әскери жорықтар кезінде америкалықтардың қолына түскен 800-ге жуық тұтқын болған.
Америка баспасөзінің хабарлауынша, қазір ол жерде бар болғаны 15 тұтқын бар.
Айта кетейік, Дональд Трамп биліктегі үшінші күнінде АҚШ-тың оңтүстік шекарасын заңсыз иммигранттар үшін жабуға және оларды депортациялауды арттыруға бағытталған бұйрықтарға қол қойған болатын.
26 қаңтарда 956 адам қамауға алынды.
27 қаңтарда АҚШ-тың иммиграция және кедендік бақылау полициясы 1179 адамды ұстады.
Айта кетейік, Трамп мигранттарды қабылдаудан бас тартқан Колумбияға санкция салды.