Трамп Израильдің Батыс жағалауды аннексиялау жоспарын сынады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Иордан өзенінің батыс жағалауындағы оккупацияланған аумақтарды ықтимал аннексиялауын қолдамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды DW.

— Мен Израильдің Батыс жағалауды аннексиялауына жол бермеймін. Жоқ, мен мұны болдырмаймын. Бұл болмайды, — деп келтірді NBC News АҚШ президентінің сөзін.
Екі көшбасшы брифинг алдында телефон арқылы сөйлескенде Трамп бұл мәселені Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен талқылады ма деген сұраққа АҚШ президенті «Онымен сөйлессем де, сөйлеспесем де, Израильдің Батыс жағалауды аннексиялауына рұқсат бермеймін. Жетер. Тоқтайтын уақыт келді» деп жауап берді.
Бұл мәселені талқылау бірнеше Батыс елдері — Франция, Ұлыбритания, Канада және Аустралияның Палестинаны мемлекет ретінде мойындағанын жариялауы аясында басталғаны атап өтілді.
Нетаньяху бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, «Иордан өзенінің батысында Палестина мемлекеті құрылмайтынын» мәлімдеді. Ол Иордан өзенінің батыс жағалауында, Израиль басып алған Палестина аумақтарында еврей қоныстарын кеңейту ниеті туралы жариялады.