Трамп Израильдің Иранға соққы беруіне қарсы — БАҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операцияны қайта бастауға дайындалған. Бірақ оны өткізу мерзіміне қатысты Вашингтонмен келіспей, жоспарын өзгертті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Дональд Трамп
Фото: Armenpress

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранға қарсы ауқымды әскери операцияны 10-11 қазанда өткізуді көздеген. АҚШ президенті Дональд Трамп 3 қарашада өтетін Конгресс сайлауына дейін мұндай әскери қимылдарды қайта бастауға қарсы болды.

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, Израиль әскері Иранның ядролық нысандарына, мемлекеттік мекемелер мен электр стансаларына, сондай-ақ басқа да азаматтық нысандарға бірнеше күн әуеден соққы жасауды көздеген. Жаңа операцияның ауқымы мен қарқыны биыл ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға бірлесіп жасаған соққыларынан да асып түсуге тиіс еді.

Басылымның мәліметінше, Израиль армиясы Иранның ядролық нысандарына, мемлекеттік мекемелердің инфрақұрылымына, электр стансалары мен басқа да азаматтық нысандарға бірнеше күн әуеден соққы жасауды көздеген. Жаңа операцияның ауқымы мен қарқыны биыл ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға бірлесіп жасаған соққыларынан да асып түсуге тиіс еді.

АҚШ президенті аралық сайлау қарсаңында әскери операция өткізуге қолдау білдірмеген. Ал жоспарланған соққыларға америкалық әскердің тікелей қатысуы көзделген-көзделмегені әзірге белгісіз.

Алдағы апталарда әскери қимылдар қайта басталуы мүмкін. Мұндай жағдайдың орын алуын дереккөз жоққа шығармайды.

Басылымның мәліметінше, Израиль жаңа барлау деректерін ескере отырып, Иран аумағындағы нысандардың жаңартылған тізімін АҚШ-қа ұсынған. Оған бұған дейінгі әскери операция кезінде соққы жасалмаған азаматтық инфрақұрылым нысандары да енгізілген.

Вашингтон мен Тель-Авив арасындағы келіспеушіліктер туралы ақпарат екі елдің әскери басшылығы келіссөздерді жалғастырып жатқан тұста жарияланды.

19 қазанда АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Израильге алдын ала жарияланбаған сапармен барып, Негев шөліндегі Увда әуе базасында Биньямин Нетаньяхумен кездесті.

Израиль премьер-министрінің өкілі Дорон Шпильман кездесудің өткенін растап, тараптар аймақтағы қауіп-қатерді және қорғаныс пен шабуыл бағытындағы АҚШ-Израиль ынтымақтастығын талқылағанын атап өтті.

Оның сөзінше, Хегсет Израильге АҚШ-тың бірнеше мың әскери қызметкерін орналастыруға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірген.

Пентагон АҚШ қорғаныс министрінің сапарына қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

АҚШ әкімшілігі қарашадағы сайлауға дейін Иранға соққы жасауды қайта бастауға қарсы. Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли Вашингтонның 3 қарашаға дейін мұндай операция жүргізуді жоспарламайтынын растады.

Израильде Иранмен соғысты қайта бастау мәселесі 27 қазанға белгіленген парламент сайлауы қарсаңында талқыланып жатыр.

Бұған дейін Израильдің 12-арнасы Нетаньяхудың Трампты екі елде де сайлау өтпей тұрып Иранға соққы беруді қайта бастауға шақырғанын хабарлаған. Дегенмен Израиль премьер-министрі сайлауға дейін жаңа әскери операция бастауға ниетті емес екенін ашық мәлімдеген.

Израиль БАҚ-тарының хабарлауынша, армия Бас штабының бастығы Эяль Замир жауынгерлік әзірлікті күшейту мақсатында сайлау күніне дейін әскери қызметшілердің демалысын тоқтатуға бұйрық берген.

Сонымен қатар Иран президенті АҚШ пен Израильдің Газадағы әрекетін геноцид деп атағанын жазған едік.