Трамп Кит Келлогті Украина мен Ресей бойынша арнайы өкіл етіп тағайындады
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңадан сайланған президент Дональд Трамп отставкадағы генерал-лейтенант Кит Келлогті Украина мен Ресей бойынша арнайы өкіл етіп тағайындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі The Hill басылымына сілтеме жасап.

Кит Келлог бұған дейін президент Дональд Трамптың бірінші мерзімінде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің аппарат басшысы қызметін атқарған.
Дональд Трамп Кит Келлогті жанында «басынан бері» болғаны үшін мақтап, оның әскери және іскерлік мансабын атап өтті.
«Біз бірге КҮШ АРҚЫЛЫ БЕЙБІТШІЛІКТІ қамтамасыз етеміз және Америка мен әлемді ҚАУІПСІЗ жасаймыз! — делінген жаңадан сайланған президент мәлімдемесінде.
Кит Келлог Дональд Трампқа өте адал болып саналады, оның тағайындалуының себебі осы болуы мүмкін.
Айта кетейік, кейбір республикашылдар Украинадағы жанжал Құрама Штаттарға еш қатысы жоқ еуропалық мәселе екенін алға тартады. Алайда, олардың мәліметінше, Дональд Трамп соғысты тоқтатуды президент ретіндегі бірінші күні шешуді жоспарлап отырған маңызды сыртқы саясат мәселесі ретінде қарастырып отыр.
Бұған дейін Трамп өзінің болашақ әкімшілігіне алғашқы тағайындауларды жариялаған болатын. Содан кейін ол Пентагон басшыларын атады. Ал Маскқа үкіметтің тиімділік департаментін басқаруды ұсынды.
Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы лауазымына кіші Кеннедидің кандидатурасын ұсынды, АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ұлттық барлау басқармасының басшыларын және Ақүйдің жаңа баспасөз хатшысын тағайындады.
Сонымен қатар, Трамп АҚШ-тың энергетика министрі лауазымына Liberty Energy мұнай компаниясының басшысын таңдады.
Дональд Трамп өзінің бұрынғы экономикалық кеңесшісі Кевин Хассетті Ақ үйдің Ұлттық экономикалық кеңесінің басшылығына ұсынды.
Ол сондай-ақ миллиардер Скотт Бессентті қаржы министрі лауазымына ұсынды.