Трамп Мәскеу мен Киевке бейбітшілік жоспарын келісу үшін арнайы өкілдерін жібереді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің арнайы өкілі Стив Уиткоффқа Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге баруды тапсырғанын және Армия министрі Дэн Дрисколлдың Киевте Украина үкіметінің өкілдерімен кездесетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Трамп
Фото: aa.com.tr

Дональд Трамптың айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жоспары бойынша жұмыс өткен аптада елеулі нәтижеге қол жеткізді. АҚШ дайындаған 28 тармақтан тұратын бастапқы жоба екі тараптың ұсынысын ескере отырып, қайта қаралған. Қазір келіспеушілік тудырған бірнеше тармақ қарастырылып жатыр.

— Өткен айда 25 мың сарбаз қаза тапты. Біз бұл қақтығыстың аяқталуын тездетуіміз керек. Түпкілікті келісімге келу үмітімен мен Стив Уиткоффқа Мәскеуде президент Путинмен кездесуді тапсырдым, ал Дэн Дрисколл бұл жоспарды Киевте талқылайды, — деп жазды Трамп.

Ол Уиткофф пен Дрисколлға тапсырылған миссияның нәтижелері туралы вице-президент Дж.Д.Вэнс, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Пентагон хатшысы Пит Хегсет және Ақ үй аппаратының басшысы Сюзи Уайлс жеке есеп беретінін атап өтті.

Сондай-ақ Трамп соғысты тоқтату туралы келісім жобасы іс жүзінде аяқталғаннан кейін Украина және Ресей президентімен жақын арада бөлек кездесулер өткізуге ниетті екенін атап өтті.

Айта кетейік, Трамп Украина АҚШ-қа «ешқашан алғыс білдірмегенін» айтты.

Соңғы жаңалықтар