Трамп өзінің әлеуметтік желісінде жұмбақ жазба жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде өз суретімен бірге жұмбақ жазуы бар жазба жариялады.

Трамп
Фото: х.com/@florintruth

Трамп өз парақшасына X әлеуметтік желісінің Flopoр атты қолданушысы жариялаған твитті бөліскен.

— Әлем жақында түсінеді. Келе жатқанды ешкім тоқтата алмайды, — делінген сурет астындағы жазбада.

Бұл жазба Трампты қолдаушылар мен сыншылар арасында қызу талқылау тудырды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде АҚШ президентінің «қайтыс болғаны» туралы қауесеттер тараған болатын. Бұл қауесеттер вице-президент Джей Ди Вэнстің мәлімдемесінен кейін пайда болды. Ол Трампқа бірдеңе бола қалса, АҚШ президенті болуға дайын екенін айтқан. Дегенмен Вэнс Трамптың президенттік мерзімін толық аяқтайтынына сенімді екенін жеткізді.

Осыдан кейін желіде Trump is Dead, Trump Died және President Vance сияқты іздеу сұраныстары АҚШ-тағы трендтердің алдыңғы қатарына шықты. Newsweek басылымы атап өткендей, 30 тамыз таңына қарай Трамптың өліміне қатысты посттар 1,3 миллионнан астам қолданушының назарын аударған.

Алайда көп ұзамай бұл қауесеттер жоққа шығарылды — Трамптың өз немересімен бірге Стерлингтегі гольф алаңына бара жатқан суреттері жарияланды.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Камала Харриске көрсетіліп келген Құпия қызметтің (Secret Service) қорғауын тоқтатқан болатын.

Соңғы жаңалықтар